Алматының Зерделі ықшамауданында құрылысы бітпеген екі тұрғын үйді сүру жұмысы басталды

02.11.2022

Тұрғын үйдің құрылысы 2012 жылы басталған.

Алматының Зерделі ықшамауданында құрылысы бітпеген екі тұрғын үйді сүру жұмыстары басталды. Оған жергілікті бюджеттен 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінген. Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасының мамандары мәлімдеді.

Тұрғын үйдің құрылысы 2012 жылы басталған. Жоспар бойынша екі жылда толық аяқталып, пайдалануға берілуі керек еді. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен 600 млн ақша бөлінген. Бірақ мердігер компания жауапсыздық танытып, құрылыс аяқсыз қалған.

9 қабатты тұрғын үйді сүру қазір басталып кеткен. Мұнда ауыр техника мен үлкен крандардың жеткізілгенін көріп тұрмыз. Жұмыс қазір қауырт жүріп жатыр. Қалалық құрылыс басқармасының хабарлауынша, бұл үйді жарамсыз деп тапқан. Оған басты себеп – мердігер компания өкілі құрылысты сапасыз салған және жауапкершілік танытпаған. Мамандардың айтуынша, тұрғын үй жыл соңына дейін толық сүріледі.

Аудан тұрғындары бұл түйткілді біраз жылдан бері көтеріп жүр. Қаңырап бос тұрған ғимараттың балалар үшін аса қауіпті екенін қала әкімімен кездесу кезінде де талай айтқан. Халықтың осы талап-тілегі ескеріліп, мәселе оң шешімін тапты. 

«Мен ықшамауданда 2012 жылдан бері тұрамын. Ғимаратты сол кезден бері білемін. Ықшамаудан тұрғындары жергілікті әкімдікке бірнеше рет айттық, бардық, хат жаздық. Жауап болған жоқ. Саламыз-салмаймыз, тоқтатамыз деген, осы жылы сүріліп жатыр. Қуаныштымыз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Жадыра Әбікиева.

Зерделі ықшамауданында 32 тұрғын үйдің 30-ы пайдалануға берілді. Ал екеуі мемлекеттік зерттеу мекемесінің шешімімен талапқа сәйкес келмеген. Сапасыз құрылыс жүргізген мердігер мекеме жауапқа тартылып, артылған қаржы мемлекетке қайтарылыпты. Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл үйлерге үлескерлер ақша құймаған.

«Үйдің сапасы өте нашар. Атап айтқанда арматурасы сәйкес келмейді, үйдің тығыздығы дұрыс емес. Үйдің аумағы кішкентай, аса ауыр техникалар кіре алмайды. 9 қабатты тұрғын үйді бұзу оңай емес, адамның күшімен жасалған жұмыс бұзылып жатыр», – деді Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдар Нұрғожаев.

Басқарма басшыларының мәліметінше, бұл үйлердің құрылысымен айналысқан компанияның сапасыз жұмысынан бөлек, үй тұрғызылғаннан кейін мұндағы топырақ жұмсарып, кейіннен баспана қисайған екен. Тұрғын-жай сүрілгеннен кейін бұл аумаққа үлкен саябақ салу жоспарланыпты. Келер жылы аудан тұрғындары демалып, серуен құруға мүмкіндік алады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.