Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жолаушылар тасымалы саласын дамыту жөніндегі кеңесте қоғамдық көліктерді жаңарту, кадр тапшылығын шешу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселелері қаралды.
Экологияны сауықтыру мақсатында дизельді автобустарды газбен жүретін автобустарға ауыстыру мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Дизельмен жүретін автобустар қала маңы бағыттарына ауыстырылады. Толық ауыстыруды 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
Бүгінде жолаушыларды тасымалдау үшін күн сайын газбен жүретін 352 автобус, дизельді отынмен жүретін 1373 автобус, электрмен жүретін 14 автобус, 160 троллейбус жолға шығады. Күн сайын қоғамдық көліктің барлық түрінде 1,1 млн транзакция жасалады.
Үстіміздегі жылы жеке тасымалдаушылар экологиялық таза отынмен жүретін 246 автобус сатып алуды жоспарлауда. Оның 208-і газбен, 38-і электрмен жүреді.
Сонымен қатар жақын арада «Алматыэлектротранс» ЖШС-нің қалған 150 автобусы жеткізіледі деп күтілуде. Көліктерді отынмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін автопарк жеке газ құю бекетін іске қосты.
Жүргізушілер тапшылығы мәселесін шешу үшін «Алматыэлектротранс» ЖШС-де әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалуда, атап айтқанда тамақтандыру ұйымдастырылып, киім формасы сатып алынады. Ынталандыру үшін сыйақы төленеді. Бұл жүргізуші мен қызмет көрсететін құрам тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Тек ақпанда ғана 100 жүргізуші қабылданды. Алдағы екі айда тағы 400 адам жұмысқа қабылданады.
Өткен айда 100 автобус жөнделді, алдағы үш айда тағы 90-ы іске қосылады, ал жыл соңына дейін қосымша 100 көлік жөнделіп, пайдалануға беріледі. Бұл шаралар жолаушы тасымалы сапасын жақсартып, көлік бағыттары санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жүргізушілердің жұмысын бақылау диспетчерлік қызмет арқылы жүзеге асырылады. «AET» жеке бағыттарында «Сапалы қызмет» пилоттық жобасы іске қосылады.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев қоғамдық көліктың қатысуымен болатын жол-көлік апаттары санын азайту үшін барлық автобустарда бейнебақылау камераларын орнатуды тапсырды. Бүгінде жеке тасымалдаушылар автобустарының 20%-ында бейнебақылау жүйесі жоқ.
Бұдан өзге Полиция департаментіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жолға техникалық ақауы бар көліктердің шыққаны, жүргізушілердің ЖКЕ және жолаушыларға қызмет көрсету нормаларын бұзғаны үшін автопарк басшыларының жауапкершіліктерін күшейту тапсырылды.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев кеңесті қорытындылай келе, жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін жақсарту бағытында күнделікті жұмыс жүргізуді тапсырды. Цифрландыру деңгейін көтеріп, автопарктердің басқару үдерістеріне жаңа технологияларды енгізу қажет. Сондай-ақ жеке автопарктердің жұмысын бақылауды күшейту мен қоғамдық көлік аялдамаларын қалыпты жағдайда ұстау тапсырылды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі