Алматыдағы барлық аурухана мен емханада бірыңғай интеграцияланған жасанды интеллект сервисі пайда болады

29.07.2020

Алматыдағы бірыңғай интеграцияланған сервисте 7 мың КТ және рентген зерттеулері, 4 млн-нан астам КТ кесіндісі сақталған. Бұл туралы қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев пен IMedHub жобасының жетекшісі Рената Ахмад онлайн-брифинг барысында айтты.

Бұл жерде радиологиялық және басқа да зерттеу түрлерін сақтайтын медициналық мұрағат жайлы сөз болып отыр. Қазіргі уақытта қойманың жұмыс бастағанына 3 айдан астам уақыт болды. Бүгінде мұрағатта 7205 рентген және КТ  зерттеулері және 4 млн астам КТ кесіндісі бар.

«Біздің мұрағатты қолданатын барлық дәрігерлер тек өз ауруханасына ғана емес, басқа да медициналық мекемелердің зерттеулеріне еркін қол жеткізе  алады. Біз рентген арқылы  өкпе ауруын анықтайтын интеграцияланған жасанды интеллект сервисін ұсынамыз. Осы бағытта жұмысты жалғастырып,  басқа да ауруханаларды қамту жұмысын кеңейтетін боламыз. Алдағы уақытта  бүкіл Қазақстан бойынша қызметті енгізуді жоспарлап отырмыз», — дейді Рената Олеговна.

Дәрігерлер құралдың көмегімен, науқастың емделу барысында жасаған рентген кескіндерін салыстыра отырып, емдеу қарқынын көре алады. Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, емханаларда, ауруханаларда және жеке медициналық мекемелерде сервисті қосу арқылы жобаны әрі қарай кеңейту жоспарлануда. Өтінішті медициналық мекемелер imedhub.org веб-сайтында қалдыра алады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі