25.02.2021

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Ерлан Әлібеков су тасқыны кезеңіне дайындық туралы айтты.

Су тасқынын болдырмау мақсатында жедел режимде су тасқынына қарсы жұмыстар кешені жүзеге асырылып жатыр. Ерлан Әлібековтың айтуынша, қалада арық желілері мен арық өткелдерін жөндеу және тазарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.

«Биыл қыстың басынан бері 987,9 км арық желісі мен 30 км өзен арнасы  тазартылды», - деп атап өтті Ерлан Әлібеков.

Бұған дейін, өткен жылдың күзінде су тасқынына дайындық аясында 400 км-ден астам арық желісі мен 10 км-ге жуық өзен арнасы қатты тұрмыстық қалдықтардан, жабайы бұталардан және құлаған жапырақтардан тазартылды.

Жалпы соңғы бес жылда қалада 497 км арық желісі салынды, 40 км-ден астам өзен арнасы тұрақтанып, жағалауы нығайтылды, бұл шаралар су басып қалуы мүмкін учаскелер санын 3,5 есе азайтуға мүмкіндік берді.

Ерлан Әлібеков үстіміздегі жылдың 4-5 наурызында «Көктем-2021» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланғанын, оның шеңберінде Алматы қаласының барлық сегіз ауданы аумағында өзен арналары мен су өткізгіштердің проблемалық учаскелерін тазарту бойынша практикалық жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі