Алматыда жедел штаб отырысында COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері пысықталды

26.03.2021

Қала әкімі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цойдың қатысуымен өткен алқалы жиында мегаполистің COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың жүйелі мәселелері, сондай-ақ үстіміздегі жылғы 17 наурызда өткен кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Бұл бойынша нақты жоспарлар қабылданған.

Кеңесті ашқан Бақытжан Сағынтаев КВИ пандемиясымен күрес аясында қаланың денсаулық сақтау жүйесін күшейту бойынша шаралар қабылданғанын атап өтті. Жаңғыртудың үш жылдық жоспарына сәйкес медициналық жабдықтарды жаңарту, инфекциялық стационарларға медициналық газ орнату, сарқынды суды зарарсыздандыру мен медициналық қалдықтарды кәдеге жарату сынды кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ шаһар басшысы өткен жылы КВИ бар науқастарды анықтау және оларды ауруханаға жатқызу бойынша алгоритм әзірленіп, енгізілгенін, АМСК және амбулаториялық ем алатын симптомсыз науқастарды бақылау бойынша телемедицина орталығының жұмысы жолға қойылғанын атап өтті. Инфекциялық төсек-орындардың қажетті резерві құрылды. Дәріхана желісі мен ковидтік госпитальдар үшін дәрілік тұрақтандыру қоры жасақталды.

Б. Сағынтаевтың айтуынша, қабылданып жатқан шаралар жағдайды басқаруға, қаланың денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені шамадан асырмауға және стационарларға түсетін жүктемені эшелондау қағидаты бойынша бөлуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау мақсатында МСАК жұмысын күшейту, ана мен баланы қорғау, онкологиялық аурулар мен қан айналымы жүйесі аурулары кесірінен болатын өлім-жітімді азайту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина қызметкерлерінің кадр тапшылығын шешу бойынша Жол картасы әзірленді.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров резервтік төсек-орындарды ковидтік орындарға жоспарлы түрде ауыстыру алгоритмі құрылғанын айтты. Қуаттылығы 7011 төсек-орынды құрайтын 28 ковидтік клиника және 250 реанимациялық клиника дайындалды. Бүгінде 5000 инфекциялық және 220 реанимациялық төсек-орын жұмыс істеп жатыр. РВ-90 қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы пайдалануға берілді. Жалпы қуаты 1080 орындық екі жаңа модульдік клиника салынды. Мұндай төсек-орын қоры ауруханаға тәулігіне 500 науқасқа дейін жатқызуға арналған. Қаланың барлық медициналық ұйымдарында бөлмелер аймақтарға бөлінді. Бұл аурухана ішінде індет жұқтыруды болдырмайды.

Пандемиямен күрестің маңызды бөлігі шұғыл көмекті қажет етпейтін қала тұрғындарына қашықтан кеңес беру арқылы көмек көрсету үшін құрылған телемедицина орталығының жұмысын айтуға болады. Бүгінде симптомсыз және жеңіл КВИ ағымы бар 2,5 мыңға жуық адам операторлардың тәулік бойы кеңес беруімен және медициналық қолдаумен қамтылған. Пациенттерді амбулаториялық бақылау бойынша қалалық емханалардың мобильді бригадаларының жұмысы жолға қойылды. Қала бойынша 768 топ жұмылдырылды. Кадрлық резерв қалыптасты. Жұқпалы аурулар стационарларында 2000-ға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Резервте 2758 медицина қызметкері бар

Алматыда клиникаларды медициналық оттегімен қамтамасыз етудің жалпықалалық бағдарламасы қабылданды. Мақсаты – қаланың 16 емханасын оттегімен 100% жабдықтау. 2020 жылы 6 клиника оттегімен толық жабдықталса, биыл тағы 10 клиникада оттегі стансалары болады.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыдағы денсаулық сақтау қызметін дамыту және COVID-19-ға қарсы күрес моделі еліміздің басқа өңірлеріне таралатынын атап өтті. Мысалы, медициналық көмек көрсету стандарттарын сақтай отырып, төсектердің айналымын және босатылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін стационарларды эшелондау; симптомсыз және жеңіл ауырған науқастарды бақылауға мүмкіндік беретін телемедицина орталығының жұмысы. Мұндай орталық басқа өңірлерде жоқ.

Бұл ретте министр соңғы жылы жедел жәрдем автопаркін 70%-ға жаңарту, сондай-ақ соңғы 20 жылда Алматының медициналық мекемелерінде болмаған оттегі стансаларын қосу жөніндегі жұмыстың маңызын атап өтті. Сонымен қатар А. Цой сәуір айында КВИ-ге қарсы вакцинаның жаңа партиясы жеткізілетінін хабарлады.

Жиында Денсаулық сақтау вице-министрі А. Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы А. Есмағамбетова, Қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері, Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ж. Бекшин, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Н. Табынбаев, Телемедицина орталығының басшысы Л. Мырзағали, Алматы қаласы ЖМЖС директорының м. а. П. Надыров сөз сөйледі.

Жиын қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цой COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру мәселесі бойынша бірқатар тапсырма берді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі