30.07.2026

Алматыда Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақындады. Елдегі ең танымал мәдени ошақтардың бірі кешенді реконструкциядан өтіп, тарихи ғимараттың сәулеттік келбеті сақтала отырып, оның техникалық және функционалдық мүмкіндіктері заман талабына сай жаңартылды.

Жоба аясында театр ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, инженерлік жүйелер жаңартылды, ішкі кеңістіктер қайта жабдықталды және ғимараттың бірқатар сәулеттік элементтері қалпына келтірілді. Сонымен қатар театр жанынан жаңа қосымша корпус салынып, шығармашылық ұжымның жұмысын ұйымдастыруға және мәдени іс-шараларды өткізуге қосымша мүмкіндік жасалды.

Жаңартылған театр заманауи сахналық технологияларды қолдануға, түрлі жанрдағы қойылымдарды сахналауға, жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ білім беру және мәдени-ағартушылық бағдарламаларды кеңейтуге жол ашады.

Реконструкция барысында көрермендердің жайлылығы, әртістер мен техникалық қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту, сондай-ақ ғимараттың қауіпсіздігін қазіргі талаптарға сәйкестендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталу кезеңінде. Жоба толық аяқталғаннан кейін театр ұжымы жаңа күзгі театр маусымына дайындықты бастап, көрермендерге сүйікті қойылымдарымен қатар жаңа премьераларды ұсынуды жоспарлап отыр.

Н. Сац атындағы театрды жаңғырту – Алматының мәдени инфрақұрылымын дамытуға, тарихи мәдени нысандарды сақтауға және театр өнерінің одан әрі өркендеуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі.

ТӨРАҒАНЫҢ БЛОГЫ