Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Марат Айнабеков туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Марат Айнабековтың айтуынша, Алматы қаласында туристерге арналған ақпараттық терминалдарды орнату бағытында бірқатар шара қабылданды.
«10 локацияда ақпараттық терминалдар орналастырылады, олар қала қонақтарына Алматының көрікті жерлері туралы ақпаратты интерактивті түрде ұсынады. Стендтерде туристер үшін түрлі қиын жағдайға тап болса полиция, сондай-ақ жедел жәрдем қызметкерлерін шақыру батырмалары орналастырылады», — деді Марат Айнабеков.
Сонымен қатар, өткен жылы Алматының ең танымал жеті көрікті жерінде туристік автобустарға арналған тұрақ орындары ұйымдастырылды.
Тауға шығу туристердің танымал таңдауы болып қала береді. Көбінің алғаш рет келетінін ескере отырып, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
«Апта сайын туристік хаб базасында (Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы аумағында) тегін негізде білім беру сұхбаттары өткізіледі», — деп түсіндірді Марат Айнабеков және қала тұрғындары мен қонақтарын тауға барар алдында осы білім беру сұхбаттарына қатысуға шақырды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі