03.07.2026

Алматыда заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Алдағы жылдардағы ең ірі жобалардың бірі – Sky Train жүйесінің құрылысы. Жоба қала тұрғындары үшін қозғалысты жылдам, ыңғайлы әрі экологиялық тұрғыдан тиімді етуге бағытталған.

Жобаға сәйкес, Sky Train жүйесі жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі желіден тұрады. Бағыттар бойында 20 станция салу жоспарланған. Олар Алматының батыс және шығыс бөліктерін байланыстырып, халық тығыз қоныстанған аудандар арасында ыңғайлы көлік қатынасын қамтамасыз етеді.

Жаңа көлік жүйесі шамамен 582 мың тұрғын тұратын аудандарды қамтиды деп күтілуде. Қолданыстағы қоғамдық көлік желісімен ықпалдасуының арқасында тұрғындар үшін қатынау мүмкіндіктері кеңейіп, бірқатар бағыттар бойынша жол жүру уақыты едәуір қысқарады.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, Sky Train-ның әрбір желісі жылына 40 миллионға дейін жолаушыға қызмет көрсете алады. Бұл қоғамдық көліктің өткізу қабілетін арттырып, қала жолдарындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Жоба қалалық мобильділікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болмақ. Эстакадалық көлік жүйесі жол қозғалысына тәуелсіз жұмыс істеп, жолаушыларға қауіпсіз, тұрақты және жылдам қатынауды қамтамасыз етеді.

Sky Train жүйесінің бірінші желісінің құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр. Жобаның жүзеге асырылуы Алматының көлік инфрақұрылымын кешенді дамытуға, қалалық ортаның сапасын жақсартуға және тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.

ТӨРАҒАНЫҢ БЛОГЫ