Алматыда «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының ең биік нүктесінде визит орталық іске қосылды

10.12.2020

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматы қаласына жұмыс сапары аясында туристік мақсаттағы бірқатар нысанды аралап, мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысымен танысты.

Атап айтқанда, «Медеу» базалық станциясындағы және «Шымбұлақ» ТШК ең жоғары нүктесіндегі визит-орталықтар, сондай-ақ болашақ «Tenir Eco Hotel» глэмпингтік аймағының құрылыс алаңы қаралды.

Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Сабина Аманкелді қалада туризм саласына жеке инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Үстіміздегі жылы жеке қаражат есебінен қаланың негізгі көрікті жерлерінде 2 визит орталық салынды және «Tenir Eco Hotel»  глэмпингтік аймағының құрылысы бойынша жұмыстар аяқталуда. Үш жоба бойынша тартылатын жеке инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 1 млрд тг құрайды.

Вице-премьер визит орталықтардың қызметімен танысты. Бүгін «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының 3200 м ең биік нүктесінде визит орталық іске қосылды. Визит орталықта курорт туралы ақпарат алуға, кәдесыйлар мен «Шымбұлақ» лейблі бар фирмалық киімді сатып алуға, жабдықтарды жалға алуға, тау шаңғысы мен сноубордта сырғанауды үйрететін нұсқаушы қызметін, тауға жаяу жорық, қарда жүру, парапланмен ұшу  қызметтерін сатып алуға болады.

«Шымбұлақ» ТШК-нің бас директоры Ринат Абдрахманов «Медеу» базалық станциясында желтоқсан айының басынан бастап барлық жастағы қонақтар үшін экотуризм саласындағы ақысыз білім беру жобасының, «Денсаулық соқпағының» бастауы болуға арналған визит орталық іске қосылғанын айтты. Ол Медеу аспалы жолы станциясында орналасқан және туристік ақпараттық орталықты, «оқиғалар офисі» мен жайлы фуд-кортты қамтиды.

Үстіміздегі жылдың желтоқсан айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырған «Tenir Eco Hotel» глэмпингтік аймағынан Іле Алатауы шыңына панорамалық көрініс ашылады. Жоба инвесторы Владимир Сарыбеков іске асырылып жатқан эко-үйлер толығымен қазақстандық зауыттарда жиналғанын, рециркуляциялық тазарту жүйесімен жабдықталғанын, бұл экологияны сақтау үшін маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ вице-премьерге курорт аумағында Қазақстандағы ең ірі тау шаңғысы мектебі — «Шымбұлақ» тау шаңғысы және сноуборд мектебі жұмыс істейтіндігі баяндалды. Жыл сайын мектепте тау шаңғысы мен сноубордтан 10 000-нан астам сабақ өткізіледі, ал үйренушілер саны 15 000 адамнан асады.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов туризм мегаполистің экономикалық дамуының драйвері болу тиістігін атап өтті. Қонақ үйлер, тау шаңғысы кешені, мейрамханалар, дәмханалар, хостелдер мен әртүрлі бағыттағы демалыс орталықтары орналасқан курорттың барлық маусымда қызмет ететінін ескере отырып, емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға да ерекше назар аударылуы қажет. Әсіресе коронавирус пандемиясы жағдайында қала тұрғындары мен қонақтары оңалудан кейінгі кезеңде де, профилактика мен ағзаның иммундық жүйесін күшейту үшін де тауға бара алуына барлық жағдай  жасау керек.

Анықтама:

Алматыда туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 3 жыл ішінде тауда 1000 км-ге жуық жаяу маршруттар цифрланды, оның ішінде жалпы ұзындығы 325 км болатын 25 тау маршруты абаттандырылды. Үстіміздегі  жылы Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында жалпы ұзындығы 171 км 11 тау маршруты абаттандырылып жатыр. Маршрут бойында ақпараттық тақталар, стенділер, нұсқағыштар, орындықтар, күркелер орнатылған. Осылайша қала тұрғындары мен қонақтары таулы жерлерде серуендеу кезінде бағыттарын дұрыс айқындап, жүретін жолында демалыс ұйымдастыра алады. Сонымен қатар туристердің ақпараттандырылуын  арттыру үшін бүгінгі күні қалада туристерге ақпарат беретін 8 орын жұмыс істейді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі