17.07.2026

23 тамызда Қазақстанда заң шығарушы биліктің жаңартылған моделінің негізіне айналатын жаңа өкілді орган – Құрылтайдың сайлауы өтеді. Маңызды саяси науқан қарсаңында Алматыда мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер мен жаңа заң шығарушы органның рөлін талқылауға арналған сарапшылық кездесу ұйымдастырылды.

«Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» тақырыбындағы сараптамалық жиынды Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты өткізді. Талқылауға мемлекеттік басқару, саясаттану, құқық және қоғамдық даму салаларындағы 12 сарапшы қатысып, жаңа заң шығарушы модельдің ерекшеліктерін, артықшылықтарын және алдағы реформалардың ықтимал нәтижелерін жан-жақты саралады.

Сарапшылардың пікірінше, Құрылтайдың құрылуы заң шығару үдерісін оңтайландырып, заң жобаларын қарау мерзімін қысқартып, мемлекеттік шешімдерді қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа модель депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті дамытуға және олардың қоғам алдындағы есептілігін арттыруға ықпал етеді.

Кездесу барысында заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері де кеңінен қаралды. Сарапшылардың айтуынша, басқарудың жаңа моделі мемлекеттік реформаларды неғұрлым тиімді жүзеге асыруға, қоғамның сұранысына жедел ден қоюға және қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қатысушылар жаңа заң шығарушы жүйенің табысты жұмыс істеуі заң шығару сапасына, мемлекеттік институттардың ашықтығына және азаматтардың сайлау процесіне белсенді қатысуына тікелей байланысты екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағаланып отыр.

Сараптамалық кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар ашық қоғамдық диалог пен кәсіби сарапшылық пікірталастар жаңа заң шығарушы институттың тиімді жұмыс істеуіне, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.

ТӨРАҒАНЫҢ БЛОГЫ