Іс-шараға 50 ден астам волонтерлер келді.
Мегаполистің »Желтоқсан» саябағында Республика күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. »Желтоқсан» ҚБ және Алматы қаласы бойынша «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдерінің қатысуымен ағаш отырғызу, сондай-ақ саябақтың іргелес аумағын абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді.
«Мерекелік күнтізбемізге енген Республика күнін тойлау басталып кетті. Бүгінгі шараға желтоқсаншылар мен жастар бірігіп атсалысып жатыр. 1000-нан астам ағаш отырғыздық. Спорттың бірнеше түрінен жарыстар өткізіліп, бәріміз мәз мейрам болып жатқан жайымыз бар. Еліміздің мерейі асқақтап, егемендігіміз арта берсін деген тілек білдіреміз«, - дейді Алматы қалалық »Желтоқсан қоғамы» ұйымының төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев.
Іс-шара қонақтары үшін концерттік бағдарлама, алтын сақа, тұмақ ату, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрінен жарыстар және мерекелік дастархан ұсынылды.
«Іс-шараға 50 ден астам волонтерлер келді. Бұдан бөлек студенттер, «Ассамблея жастары» өз үлестерін қосуда. Жастар болып үлкен буын өкілдерінің әңгімелерін, өнегелерін естіп, ағаш отырғызу арқылы игі шараны қолға алуды жөн санадық. Ағаларымыздан »Желтоқсан» оқиғасы кезіндегі сәттерді сұрап таным көкжиегімізді арттырып жатырмыз. Сондай-ақ, табиғат аясында демалып, суретке де түсу мүмкіндігіне ие болдық«, - дейді Қазақстан еріктілер қоғамдық қорының жоба менеджері Нұржан Мәди.
Осы ретте, қалада отырғызылатын ағаш түрлері ғылыми қауымдастық пен ландшафт сарапшыларының қатысуымен, климаттық және топырақ ерекшеліктеріне қарай таңдап алынатынын айта кеткеніміз жөн.
Атап өтерлігі, бүгінде ауқымды көгалдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуімен қатар, жалпы көгалдандыру саясаты да түбегейлі өзгерді. Басты назар бақылаусыз ағаш отырғызулардан жасыл қорды емдеу мен биоәркелкілікті сақтауға қарай ауысты. Жасыл желекті суару жұмыстарын күшейту үшін жаңа су ұңғымалары салынып, арық жүйесі түгенделді.
Дереккөз: Almaty.tv.