Алматы қаласы жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде пандемия кезіндегі фельдшерлер жұмысының қиындығы мен оларға түсетін жүктемелер туралы айтты.
Андрей Ложкиннің айтуынша, егер жыл басында жедел жәрдем қызметіне орта есеппен 3200-ге жуық қоңырау түссе, коронавирус өршіп тұрған қазіргі кезде жүктеме екі есе өсіп, күніне 6400-ге жуық қоңырау шалынуда.
«Ең жоғары көрсеткіш шамамен бір апта бұрын байқалды, жедел жәрдем шақырған өтініштер саны 8 мыңға жетті. Сонымен қатар, жедел жәрдем бригадаларының жүктемесі өсті, күніне шамамен 15 қоңырау, ал жыл басында күніне 8-10 қоңырау шалынатын. Қаланың жедел жәрдем қызметіне қарбалас уақытта сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін және 18.00-ден 24.00-ге дейін түрі өтініштер түседі, кейде шақыртуларға қызмет кешігіп көрсетіледі. Айтарым, пациенттердің өміріне қауіп төнген шақыртуларға бірінші кезекте қызмет көрсетіледі», - деді А. Ложкин.
Алматы қаласы Жедел жәрдем қызметінің өкілі жедел жәрдемде жас мамандардың тапшы екенін айтты. Жалпы, жедел жәрдем қызметі тәжірибелі дәрігерлермен қамтылған. Жедел жәрдем көліктері күн сайынғы щақыртуларға барады, жүргізушілер құрамы толық.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, А. Ложкин жедел жәрдем шақырған кезде бастапқы автоматты сәлемдесу 17 секундтан 12 секундқа қысқарғанын айтты. Бұрындары жедел жәрдемге қоңырау шалу қиын болғаны рас, өйткені байланыс арналары шектеулі, 30 ғана болды, резервте тұрғаны – 20. Бүгінде Алматыда жедел жәрдемнің 60 байланыс арнасы іске қосылған, диспетчерлер саны да ұлғайды – ауысымда 12 адамнан 16 адамға дейін.
Егер жедел жәрдем қызметінің 103 нөміріне хабарласа алмаған жағдайда деректерді автоматты түрде 112 қызметіне жіберуге болады.
А. Ложкин физикалық жүктемеден басқа, жедел жәрдем дәрігерлеріне моральдық жүктеменің артқанын атап өтті. Ол коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу үшін санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау қажет екенін атап өтті.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі