Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында ШОБ қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсету құралдары туралы айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес субъектілері пандемия жағдайына байланысты еңбекақы төлеу қорынан салық пен басқа да міндетті төлемдерден босатылған болатын.
Атап айтқанда, биыл туризм, қоғамдық тамақтану және қонақ үй қызметтері саласындағы бизнес, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын адамдар үшін, үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап 1 қазанына дейінгі кезеңге, микро, шағын және орта бизнес үшін барлық салық түрлері бойынша төлеу мерзімін кейінге қалдыру, еңбекақы төлеу қорына байланысты салық пен басқа да әлеуметтік төлемдерді жою қолға алынды.
Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының мәліметінше, карантин кезінде 75 мың кәсіпкерлік субъекті 23,5 млрд тг сомасына салық төлеуден босатылған.
127,3 млрд тг тең 360 мың қарыз бойынша кейінге шегеру ұсынылды. Оның ішінде 72 млрд тг сомасына 2889 қарыз ШОБ-ке тиесілі.
«Төтенше жағдай режимі кезінде Алматы қаласының әкімдігі ірі сауда нысандары мен кәсіпорындардың иелерімен қызметін тоқтатқан кәсіпкерлерден жалдау ақысын алуды тоқтата тұру туралы ұсыныс сипатындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, жалға берушілердің көпшілігі төлем жүргізуді тоқтатып, халық жағдайын түсіністікпен қабылдады», — деді Е. Оразалин.
ТЖ және карантин режимі кезінде ірі сауда нысандарының (СОО, СО, СҮ және базарлар — 153) меншік иелері 36 717 адамнан жалдау ақысын алуды тоқтатты. Сонымен қатар қазіргі уақытта көптеген базар мен СОО жалдау құнын 20-30%-ке төмендетті.
«Жалпы, жыл соңына дейін мемлекеттік меншік нысандарының 1111 кәсіпкері 376 млн тг сомасында жалдау ақысын төлеуден босатылды», — деп атап өтті ол.
Басқарма басшысы қаржылық қолдауға, яғни жеңілдетілген несиелеу мәселелеріне жеке тоқталды.
«Бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар ШОБ субъектілерін қолдайды. Осыған байланысты «Бизнестің жол картасы — 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Кредит беру сомасы 7 млрд-қа дейін ұлғайтылды. Салалық шектеулер алынып тасталып, кәсіпкерлер үшін мөлшерлемені 6% деңгейінде біріздендіру шаралары қабылданды. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында, республикалық бюджеттен қосымша 3,9 млрд тг бөлінді», — деп түсіндірді Е. Оразалин.
Бүгінгі таңда 245 жобаға 54,6 млрд тг қолдау көрсетілді.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның бюджеті 2 млрд тг құрайды. 513 млн тг сомасына 34 жоба жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар осы бағдарлама аясында 6% бойынша 100-ден астам жоба несиемен қамтамасыз етіледі.
«Almaty Business-2025 кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасына соманы 300-ден 500 млн тг дейін ұлғайту, сыйақы мөлшерлемесін жылдық 7%-тен 6%-ке дейін азайту сияқты өзгерістер енгізілді. Осы бағдарламаның бюджеті – 12,3 млрд. Оның ішінде фармацевтикалық компанияларды кредиттеу үшін бөлінген қаржы – 5 млрд. Бүгінгі таңда 5,9 млрд тг 46 жоба қаржыландырылып, 1 млрд тг 13 жоба мақұлданды», — деді ол.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 89,4 млрд тг сомасына 50 жоба қаржыландырылып, мақұлданды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы шеңберінде тамақ өнеркәсібін қолдау үшін 4,5 млрд тг бөлінді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі