Алматыда көлік жүктемесі азайып, жолдардағы көлік қозғалысы оңтайландырылмақ.

08.04.2026

Алматыда көлік жүктемесі азайып, жолдардағы көлік қозғалысы оңтайландырылмақ. Дәл осындай меморандумға «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Берденов қазақстандық «Integra Construction KZ» ЖШС және Шанхай институтымен отырды. Үшжақты келісімге тараптар 2026 жылғы 7 сәуірде оңтүстік астанада өткен «Алматы – Шанхай» бизнес-форумы аясында қол қойды. 

Құжат мегаполистегі көлік ағындарын талдау, цифрлық шешімдерді енгізу және жол инфрақұрылымын басқаруды жаңғыртуға бағытталған нақты жобаларды іске қосуға негіз болады.

Бизнес-форумға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен Шанхай мэры Гун Чжэн қатысып, екі мегаполис арасындағы әріптестікті кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Соңғы жылдары Алматы мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс айтарлықтай күшейген. Былтыр тауар айналымы 20 пайызға өсіп, 9,5 млрд АҚШ долларына жетті.

Алматы бүгінде цифрландыру мен IT саласында алдыңғы қатарда. Елдегі IT мамандарының жартысынан астамы осы қалада шоғырланған. Бұл - жаңа технологиялық жобаларды жылдам іске асыруға мүмкіндік беретін маңызды ресурс.

Туризм де негізгі драйверлердің бірі. Қазақстанға келетін әр екінші шетелдік турист Алматыны таңдайды. Өткен жылы қалаға келген туристер саны 40 пайызға өсіп, 136 мыңға жетті.

Форум аясында өткен B2B кездесулер нақты серіктестіктерді қалыптастыруға жол ашты. Кәсіпкерлер деңгейіндегі осы байланыстар меморандумдарда бекітілген келісімдерді нақты жобаларға айналдырудың келесі қадамы болмақ.

ТӨРАҒА БЛОГЫ