Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы «Медеу» бекеті арқылы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына кедергісіз өту үшін электр көліктерін тіркеу бойынша электронды онлайн-сервисті іске қосты.
Бұл сервис көліктерді өткізу үшін дерекқорға енгізу рәсімін жеңілдету үшін жасалған. Бұрын электр көліктерінің иелері «Медеу» паркінің кеңсесіне барып, тиісті өтініш жазуы керек болатын. Бұл белгілі бір қолайсыздықтар туындатты.
Жаңа сервисте қарапайым форманы толтырса жеткілікті, 1 жұмыс күні ішінде автомобиль электронды дерекқорға енгізіледі. «Медеудегі» шлагбаум автоматты түрде көлікті өткізеді. Онлайн өтінімді басқарманың www.almatyeco.gov.kz ресми сайтындағы «Электр көліктерін тіркеу» бөлімінде қалдыруға болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдан бастап көлік жүктемесі мен қоршаған ортаға антропогендік әсерді азайту мақсатында «Шымбұлақ» шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аймағына осы аумақта тұратын жеке және заңды тұлғалар мен қызмет көрсететін персоналдың көліктерінен басқа көліктердің кіруіне шектеу қойылған. Бірақ электр көліктеріне ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіруге рұқсат берілді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда электр көліктері үшін барлық қажетті инфрақұрылым жасалған. «Медеу» табиғи паркінде 4 қуаттау бекеті, ал «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында 3 қуаттау бекеті жұмыс істейді, олар тиісті тұрақ орындары бар 22 кВт (6-9 сағат қуаттау) Type 2 Mode 3 екі танымал портпен жабдықталған.