Алматыда «Бюджетке қатысу» бойынша өтінім беру мерзімі 20 қазанға дейін ұзартылды: не білу керек

06.10.2020

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды. Тұрғындар өз жобалық ұсыныстарына 2020 жылғы 20 қазанға дейін өтінім бере алады. Өтінімді budget.open-almaty.kz сайтында қалдыруға болады.

Алматы қаласы «Бюджетке қатысу» жобасының мақсаты азаматтардың бастамалары мен ұсыныстары негізінде қала аудандарының аумақтарын дамыту және абаттандыру болып табылады. Қала тұрғындарының бастамаларына Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері өз бағасын береді.

Алматылықтар ашық талқылау және дауыс беру арқылы қала бюджетін қайда жұмсау керектігін анықтайды. Егер бастаманы басқа тұрғындар дауыс беру барысында қолдаса, ол қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бір өтінім 55,5 млн тг сомасынан аспауы тиіс. Қаржыландырудың жалпы көлемі 6,4 млрд теңгені құрайды — қаланың әрбір ауданына 800 млн тг. Өткен жылы әр ауданға 500 млн тг бөлінді.

Биыл өтінім беру алгоритмі мен шарттары жеңілдетілгенін атап өткен жөн. Өз жобаларын ұсынатын тұрғындар сметаны немесе эскизді қоса бермей, ұсынылған үлгілік құжаттардың бірін таңдай алады немесе интернеттен суретті жүктей алады. Бұл арнайы білімі жоқ кез келген қала тұрғыны өз идеясын ұсына алады және өз ауданын жақсарту мен қалалық ортаны дамытуға өз үлесін қоса алады дегенді білдіреді.

2021 жылға өтінімдерді қабылдау үстіміздегі жылғы 28 тамызда Алматы қаласын дамыту орталының порталында – Open Almaty басталды. Үстіміздегі жылғы 5 қазандағы жағдай бойынша 428 жобалық ұсыныс берілді. Бұған дейін пилоттық кезеңде 333 жоба ұсынылған болатын, олардың бірқатары аяқталып, пайдалануға берілді. Іске асырылған жобалардың ішінде скейтпарк, сөйлейтін орындық, балалар мен ересектердің спортпен шұғылдануына арналған жайластырылған алаңдар, скверлер мен қала тұрғындарының демалыс орындары бар.

Мәселен, «Бюджетке қатысу» жобасының қатысушысы Маргарита Балакирева өткен жылы Алмалы ауданындағы бос учаскені көгалдандыруды ұсынған.

«Мен Розыбакиев-Жамбыл көшелерінің қиылысында осындай орын таптым, жақын жерде жұмыс істеп, үнемі сол жерден өтіп жүрдім. Содан менде сол жерді абаттандыру идеясы пайда болды. Мен ол жерге дәмхана немесе автокөлік тұрағын жасап тастайды ма деп қорқатынмын, бірақ мен ол жерді көгалдандырғым келді. Әдетте бізге бұл жерде анау болады, мынау болады деген директива ұсынады ғой. Ал мұнда біз сияқты қала тұрғындарының өздері қатысады», — деп бөлісті М. Балакирева.

Алматы әкімдігі қала тұрғындарын осы жобаға белсенді қатысуға шақырады. Сұрақтар бойынша +7 (727) 224-3929, ішкі 203 немесе budget@almatydc.kz электрондық поштасы арқылы хабарласуға болады. Өтінішдерді қабылдау, дауыс беру және бастамаларды іріктеу budget.open-almaty.kz порталында онлайн түрде өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, өтінім беру мерзімін 2020 жылғы 20 қазанға дейін ұзарту Қоғамдық кеңестің жұмыс отырысының қорытындысы бойынша ұсынылды.

Анықтама: жобаларды іріктеу критерийлері:

  • аумақты көгалдандыру;
  • тротуарларды жайластыру;
  • тротуарлар, пандустар, арықтар салу және жөндеу;
  • жалпыға ортақ пайдалану орындарын (саябақтар, гүл бақтары, жаяу жүргінші аймақтары және басқа нысандар) құру, жөндеу және жарықтандыру;
  • бордюрлерді, тіреу қабырғаларын жөндеу;
  • қоқыс орындарын жою;
  • аула аумақтарында және жалпыға ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалардың ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі