17.06.2026

Алматыда байланыс орталықтарына қойылатын талап жаңарып келеді. Қоңырауды қабылдап, жауап берумен шектелетін кезең артта қалды. Енді бұл жүйе тұрғыннан түскен өтініш арқылы қаладағы күрделі мәселелерді алдын ала байқауға мүмкіндік береді.

Шағым қай ауданнан жиі түсіп жатыр? Қай тақырып қайта-қайта көтеріледі? Тұрғынды нақты не мазалайды? Осындай деректер жиналғанда, жеке өтініштер қала өміріндегі ортақ үрдісті көрсетеді.

Бұл мәселе байланыс орталықтарының жаңа технологияларына арналған конференцияда талқыланды. Іс-шараға Алматы қаласын дамыту орталығының қызметкерлері де қатысты.

Жиында жасанды интеллектіні қолдану жолдары қаралды. Қазіргі технологиялар қоңырау мен хабарламаны мәтінге айналдырып, мазмұнына қарай жүйелей алады. Бір тақырып төңірегінде шағым көбейсе немесе белгілі бір аумақта мәселе жиілей түссе, жүйе оны дер кезінде көрсетеді. Мұндай тәсіл коммуналдық ақауды, инфрақұрылымдағы олқылықты немесе әлеуметтік шиеленісті ертерек байқауға көмектеседі.

Тұрғынмен байланыс арналары да өзгерді. Телефоннан бөлек, чат, мессенджер, әлеуметтік желі, видеоөтініш бар. Қала үшін бастысы — хабарламаның қайдан түскені емес, оның жоғалмай, жауапты мекемеге уақытында жетуі.

Жұмысты бағалау өлшемі де басқаша. Бұрын қоңырауға жауап берудегі жылдамдық назарға алынса,  қазір мәселенің қаншалықты тез әрі толық шешілгені маңызды. Тұрғын бір сұрақпен бірнеше рет жүгінді ме? Қанша уақыт жоғалтты? Мемлекеттік қызмет сапасы осыдан көрінеді.

Жиында ішкі дерек қорын күшейту мәселесі де көтерілді. Регламент, нұсқаулық, бұрынғы тәжірибе мен жиналған мәлімет бір жүйеде тұрса, маман қажетті шешімді тез табады. Бұл әсіресе «109» қызметі, ахуалдық орталықтар, азаматтық қорғау және жедел әрекет ету бөлімдері үшін маңызды.

Алматы қаласын дамыту орталығы Қоғамдық коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы Дәулет Иманалиевтің сөзінше, әлемдік тәжірибеде байланыс орталығы, ахуалдық орталық, аналитикалық платформа және жедел үйлестіру қызметі өзара бірігіп келеді.

Алматы үшін мұндай тәсіл тұрғын өтінішін тіркеумен шектелмей, мәселені ерте анықтауға жол ашады. Яғни байланыс орталығы анықтама беретін орын ғана емес, қала қызметтеріне нақты белгі жеткізетін құралға айналуы тиіс.

ТӨРАҒА БЛОГЫ