Алматының әуежайындағы жаңа терминал 2024 жылы іске қосылады. Осылайша жолаушылар легі 14 миллионға дейін артады екен. Мегаполис басшысы Ерболат Досаев біздің әуежай халықаралық хабқа айналады деп отыр. Осы және өзге де дерек айтылған әкімнің 20 минуттық баяндамасынан кейін сұрақ-жауап сессиясы басталды. Жалпы, Алматы қаласының әкіміне сауал қою үшін 40-қа жуық журналист тіркелген екен. Әр тілші екі сұрақ жолдап, мегаполистегі мәселелер туралы ақпарат алды.
Алматы әкімі Ерболат Досаевқа қойылған алғашқы сауал «Қайрат» футбол клубының тағдыры жайлы болды. Себебі осыған дейін аталған спорт ұжымының қала балансына алынатыны туралы ақпарат болған еді. Алайда мегаполис басшысы клубты коммуналдық меншікке өткізу - күн тәртібінде тұрған жоқ деп кесіп айтты. Бұдан бөлек, қаладағы заңсыз құрылыс туралы тілшілер сауал жолдады. Алматыда қазір жаңа құрылыс жүргізіліп жатқан жоқ. Ал құжаты дұрыс емес компаниялар олқылықтың орнын толтырып жатса, кейбіреуін сүру мәселесі қарастырылып жатыр дейді әкім.
«Биыл Президент Алматыдағы 19 құрылыс бойынша тапсырма берген болатын. Бұл мәселе толығымен шешімін тапты. Яғни, мердігерлер жобасын өзгертті, кейбір жерлерді коммуналдық меншікке алдық. Осы жылдың мамырында қаланың бас жоспары бекітілген болатын. Бұл құжат өзгертілмейтін болады», – дейді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Қазақстандағы жоғары оқу орындарының басым бөлігі Алматыда орналасқан. Жыл сайын мыңдаған жас мегаполиске ағылып келеді. Қалада 25 мың студентке орын тапшылығы бар екен. Әкімнің айтуынша, жекеменшік жоғарғы оқу орындары ақылы түрде көптеген студентті қабылдағанның кесірінен де тапшылық қатты сезіледі екен. Сондықтан әкімдік инвесторларды көптеп тартып жатырмыз дейді.
«Жеке инвесторларды тартқан болатынбыз. Осы жылдың соңына дейін 3 500 жаңа орын ашамыз. Одан басқа, ЖОО-лар жатақханамен шартқа қол қойып жатыр. Күзде келетін жаңа студенттерді қабылдау үшін арнайы штаб құрдық. Менің орынбасарым Арман Қырықбайұлы соны бастап отыр», – дейді Алматы қаласының әкімі.
Брифингтің бел ортасында Алматыдағы ақылы тұрақтар жайлы да сөз қозғалды. Ерболат Досаевтың айтуынша, қаладағы тұрақтарға дифференциалды тариф енгізіледі. Мұндай тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде көптеп қолданылады екен.
«Бізде 12 мың 500 автотұрақ орындары бар. Оның барлығы қаланың қақ ортасында орналасқан. Алматының кейбір жерінде бос көлік қоятын орындар бар. Ол жердің барлығын заңдастырып, 8 ауданда ифнрақұрылымы жасалған тұрақ қою көзделген. Олардың барлығы дифференциалды бағамен болады. Мұндай тариф күзде енгізіледі»,– деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар қаланың экологиясы туралы мәселе көтерілді. Алматы басшысы жақында ашылған үлкен Алматы айналма автожолының шаһардың ауасын тазартуға мүмкіндік беретініне сенеді. Себебі үлкен, ауыр жүк көліктері айналма жолмен жүрсе, қала дизельді отынның қалдығынан арылады. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың брифингі 2 сағаттан аса уақытқа созылды. Осы аралықта 40-қа жуық журналист 80-нен аса сұрақ қойды. Тілшілер сауалын онлайн түрде модератор арқылы да жолдап жатты.
Дереккөз: Almaty.tv