Бүгінге дейін 28 базар қайта жаңартудан өткен.
Алматыда жыл соңына дейін 4 базар қайта жаңартудан өтіп, пайдалануға берілмек. Бұрын контейнерлерден тұрған сауда орындары енді соңғы үлгідегі талапқа сай іші жарық, кең әрі жылы 2 қабатты жаңа нысанға айналмақ.
Жалпы аумағы 23 мың шаршы метр болатын «Қазына» базарының жаңа ғимараты жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазір нысан 50 пайызға дайын. Алдағы уақытта мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Бұл жергілікті халық тұрмысының тіктеуіне үлкен мүмкіндік бермек дейді базар басшысы.
«Енді жаңа стандартқа көшеміз. Бұл жерде жылу, кондиционер, вентиляция болады. Келушілерге бүкіл жағдай жасалады. Ол кезде базар таңғы сағат 09.00-ден кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істей алады», – деді «Қазына» базарының директоры Серік Естібаев.
Ал Arlan базарындағы қайта жаңарту жұмысының 1-кезеңі аяқталды. Қазір күрделі жөндеуден өткен 2 қабатты нысанда 92 адам өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Бүгінге дейін далада жұмыс істеп келген саудагерлер жабық нысанға көшіп те үлгеріпті. Бұл саудагерлер үшін де, тұтынушылар үшін де аса тиімді дейді әкімшілік өкілдері.
«Жалпы бағдарлама бойынша 22 мың шаршы метрге дейін құрылыс жұмыстарын жүргізуіміз керек. Құрылыс кезінде елімізде пандемия болды, соның салдары оңай болған жоқ, кәсіпкерлерге де қиын болды», – деді Arlan базарының әкімшісі Айдын Симтиков.
Мұндай жұмыстардың бәрі де қаланың инфрақұрылымын жақсарту және көпшілікке қолайлы жағдай жасау бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Бүгінге дейін 28 базар қайта жаңартудан өткен. Олардың жалпы инвестициялық құны - 25 млрд теңге. Нәтижесінде 3 жарым мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
«Қазір қалада 16 базарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның бесеуі жобасын өзгертіп, заманауи үлгіге көшпек. Сондай-ақ тағы осындай 11 базардың жобасы дайын. Құрылысқа 32 млрд. теңге инвестиция тартылды. Алдағы уақытта 1 800 адам жұмысқа орналасады деп жоспарлап отырмыз», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Аида Оңғарбаева.
Ал көпшілік арасында жабық базарларда кез келген заттың құны қымбат, ал ашық базарларда арзан деген ой қалыптасқан. Алайда базар басшылығы алдағы уақытта пайдалануға берілетін жаңа нысандарда оның құны өспейді деп отыр. Сәйкесінше ондағы киім-кешек пен тұрмыстық заттар тұрғындар үшін қолжетімді болмақ.
Дереккөз: Almaty.tv.