Алматы әкімі Б. Сағынтаев жұмыс сапары кезінде екі айдың ішінде салынған екінші модульді инфекциялық госпитальде болды. Жаңа клиниканы аралап шыққан қала әкімі медмекеменің техникалық жарақтануы мен жаңа цифрлық шешімдерін бағалады.
Госпитальдің 30 жансақтау палатасында 300 төсек-орын бар. Барлық төсектер медициналық газбен жабдықталған. Мұндағы науқастардың жағдайы «ақылды» госпитальдың автоматтандырылған жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде тәулік бойы қадағаланады. Бағдарлама қаланың медициналық ақпараттық жүйесімен және PACS-дағы барлық рентгендік, КТ және МРТ суреттеріндегі мәліметтердің цифрлық базасымен жалғасқан.
Клиника заманауи КТ, рентген, УЗИ аппараттарымен жабдықталған және жеке қуатты зертхана да бар, мұнда сараптаманың барлық түрлері, оның ішінде КВИ-дің ПТР диагностикасы да жасалады.
Госпиталь қауіпсіздігінің жоғары экологиялық сыныбы ауаны тазарту жүйесін, ағындарды, оның ішінде жауын суын да залалсыздандыруды, медициналық қалдықтарды утилизациялауды қамтамасыз етеді. Айта кетерлігі, абаттандыру кезінде 2 га аумақ көгалдандырылды — газон жасалып, қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. Б. Сағынтаев Jasyl Almaty бағдарламасы аясында қосымша ағаш көшеттерін отырғызуды тапсырды.
Госпиталь 12 блоктан, оның ішінде 8 палаталы бөлімдерден тұрады, оның 2 блогы боксты палаталар және 6 жартылай боксты блоктар. Сонымен қатар, тамақ блогы мен кір жуатын орын да бар.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының денсаулығын сақтаумен ғана айналысатын дәрігерлердің ойдағыдай жұмыс жасауы үшін қаланың барлық жағдайды жасайтынын атап өтті.
«Төрт айдың ішінде біз ең заманауи құрылғылармен жабдықталған үш толыққанды аурухана салдық. Бұлардың барлығы қала тұрғындары денінің сау болуы үшін жасалуда», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Бұдан бұрын Алматының Түрксіб ауданында 500 орынды инфекциялық клиниканың ашылғандығы туралы хабарланған еді. Сонымен қатар, таяу уақытта 200 орынды жеке ковидті госпиталдьдер ашылады, осылайша жаңа модульді госпитальді ескере отырып, мегаполисте КВИ науқастарын емдеуге арналған 1 мың жаңа төсек-орын пайда болады. 32 стационардың жалпы қуаттылығы 7226 орынды құрайды.
Еске салсақ, Алматының денсаулық сақтау жүйесін модернизациялаудың үш жылдық бағдарламасы аясында медицина ұйымдарының материалдық- техникалық базасы күшейтілуде. Мәселен, жыл басынан бері қарай 52 УЗИ аппараты, 38 рентген, 269 ӨЖЖ аппараты, 5 КТ, 2 МРТ аппараты сатып алынды. Сонымен қатар 1300 көпсалалы медициналық төсек, 250 төсек жанындағы монитор, зертханалық құрылғының 43 бірлігі, 1050 оттегі концентраторы алынды.
Бұдан өзге, жедел жәрдем қызметінің автопаркі 35 автомашинаға жаңарды, жыл соңына дейін тағы 100 жедел жәрдем көлігі алынатын болады. Бірінші эшелондағы сегіз стационарға медициналық газдың 24 мың төсек-орындық орталықтандырылған жүйесі орнатылуда. 17 стационарда ағындарды зарарсыздандыру, ал 13-де медқалдықтарды утилизациялау жүйелері салынуда.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі