25.07.2022

Шаһардағы бейнебақылау камераларында заңбұзушыларды қасқағым сәтте анықтайтын жаңа әдіс пайда болды.

Жұрт түріне қарап «жүзім» деп атап кеткен «Сергек» камерасының 5 мыңнан астам данасы Алматы қаласында орнатылған. Олар жол ережесін бұзғандардан бөлек, тіркеуде жоқ немесе ұрланған көліктерді анықтауда таптырмас құралға айналды. Мәселен, қазір құқық қорғау органдарының қызметкерлері жақында ғана іске қосылған «Сергек Қорғау» мобильді қосымшасын пайдалана бастады. Енді бейнебақылау камерасына түскен заңбұзушылық бірден жол полициясына жолданып отырады.

«Бүгінде мобильді қосымша барлық дерлік жол полициясының қызметкерінде бар. Сол арқылы оларға дер кезінде ақпар түседі. Осылайша тәртіп сақшылары ұрланған көлікті, жол ережесін өрескел бұзатындарды анықтай алады», – деді «Көркем Телеком» ЖШС «Сергек-Алматы» филиалының ресми өкілі Дамир Мақашев.

«Сергек» камерасы түсірген дерек полиция департаментіне жолданады. Содан бейнематериал ондағы Жедел басқару орталығында 30 күн сақталады.

«Бұл – полиция үшін айтарлықтай көмек. Кейде куәгерлері жоқ қылмыс болса, сол бейнекамераны қараймыз. Осылайша ізін суытпай қылмысты ашамыз», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салатанат Әзірбек.

Полиция дерегінше, «Сергек» камераларының көмегімен биыл 6 ай ішінде 364 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде «жылдамдықты асыру», «автобус жолағына шығу» сынды деректер де бар. Ал осы ретте көлік жүргізушілерінің кейбірі айыппұлды әділетсіз десе, енді бірі жол тәртібін қадағалауды күшейткен жөн деген ойда.

«Талай жігіттер көлік апатына түсті, керек кезде камера істемей қалады. Айыппұл керек кезде істейді. Кез кел уақытта істеп тұрғаны жөн», – деді қала тұрғыны Марғұлан Төленов. 

«Сергек» камерасы іске қосылғалы тәртіпке келе бастады. Ережені сақтасаң айыппұл төлемейсің, сақтамасаң, әрине, айыппұл арқалайсың. Заң бәріне ортақ болуы керек», – деді қала тұрғыны Мехди Талыбов.

Полиция дерегіне сүйенсек, «Сергек» арқылы көлік жүргізушілеріне биыл 2 миллиард теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл – жарты жылдағы көрсеткіш.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.