22.10.2018

gallery 7825647

Словенияның Любляна қаласында өткен «Smart city» халықаралық форумының ресми қорытындысы жарияланды. Алматы көлік жүйесінің кешенді реформасы үшін «Қалалардың болашағы» аталымында жоғары марапатқа ие болды.

2018 жылы конкурсқа «Ақылды қалаларды» дамытуға бағытталған әлемнің үздік 50 практигі мен инновациялық жобалары қатысты. Алматыдан өзге, үздік үштік қатарына - «Анкара Парк» туристік жобасымен Анкара қаласы (Түркия) және «Тұрғындардың Сава өзеніне оралуы» өтінімімен Загреб қаласы (Хорватия) кірді.

«Smart city» форумы 2011 жылдан бері өткізіледі. Мақсаты – Еуропа мен Азия қалаларының ынтымақтастығын нығайтып, «ақылды қалалар» цифрлық трансформациясын бірлесе жүзеге асыру. Өткен жылы Алматы «Open Almaty» жобасы үшін Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдері ішінде екінші орын алған болатын.

Конкурс комитеті Алматының көлік реформасын жүзеге асырудағы жүйелі тәсілді атап өтіп, бірнеше критерий бойынша бағалау жүргізді: қоғамдық көліктің әртүрлілігі мен қолжетімділігі, қоғамдық көлік табысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық технологияларды пайдалану, реформаны іске асыруға сарапшылар, тұрғындар, бизнестің қатысуы, МЖӘ тетіктерін қолдану, экологияны жақсартуға басымдық беру.

«Оңай» электронды билеттендіру жүйесі 2015 жылы іске қосылып, «көлеңкелі айналымның» 59% анықтауға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда қоғамдық көліктегі барлық транзакциялардың 97% картаның көмегімен жүргізіледі. GPS жүйемен жабдықтау және автобустарда камера орнату арқылы диспечерлік басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді.

2012 жылдан бастап жол жүрісі ережелерін бұзуды фото және бейне тіркеудің «Жол жүрісі қауіпсіздігі» ААЖ жұмыс жасап келеді, 709 қозғалыс жолағы бақылануда. Келесі жылы жобаның екінші кезеңі басталып, бақылау нүктелері екі есе артады.

Қалада BRT-ның 17 бағыты ұйымдастырылды. Автобустардың жылдам қозғалысы үшін 110 шақырым арнайы жолақ пен 10 орталық көшеде бір жақты қозғалыс енгізілді. Биыл автобус паркінің жаңартылуы 77%-ға жетеді.

Falcon Euro Bus электроавтобустарын шығару экологияны жақсарту бағытында жасалған тағы бір қадам. Әлемде баламасы жоқ үшінші толқындағы электроавтобустар Қазақстандағы автопарктерді толықтырып, Ресей және таяу шығыстағы өзге елдерге экспортталады. Зауыт жеке қаражат есебінен салынған.

Метроның екі бекетінің құрылысы жалғасып жатыр. 2021 жылға қарай Қалқаман ықшамауданына дейін жаңа бекеттердің ашылуы қаланың шеткі аударын орталығымен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Орбита ықшамауданынан бас­талып, Көк базарға дейін 21 шақырымға созылатын велодәліз жасалды. Осылайша веложолдардың ұзындығы 68 шақырымға жетті.

Көлік реформасын іске асыруда қала билігі жетекші халықаралық мамандармен бірлесе жұмыс жасауда. Олардың қатарында қоғамдық кеңістік пен көшелерді жаңғырту бойынша «Gehl architects» компаниясының сарапшылары, «Орнықты көлік» жобасы бойынша БҰҰ ДБ, «Жол қозалысын ұйымдастырудың кешенді сызбасын» әзірлеу бойынша «A+S Транспроект» және «Systra» компаниялары, сонымен қатар Алматы Шеберлік жоспары тұжырымдамасын әзірлеу бойынша канадалық-америкалық «HATCH» компаниясы.

Сокр. Письмо акиму из Любляна Форум 2018