«Алматы жастары» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды

10.03.2021

Бағдарлама бойынша өтінімдер мен құжаттар үстіміздегі жылдың 31 наурызына дейін www.almaty-zhastary.kz веб-сайты арқылы қабылданады.

Сондай-ақ үстіміздегі жылы бағдарлама шарттарына өзгеріс енгізілді - несие сомасы 18 000 000 теңгеге дейін ұлғайтылып, бағдарламаға қатысушылар санатына құқық қорғау органдарының қызметкерлері қосылды. Сонымен қатар, биыл Алматы қаласында тұру жөніндегі қатысушыларға қойылатын  талап алынып тасталды.

Өтініштер мен құжаттарды қабылдау процесі толығымен автоматтандырылған. Бағдарламаға қатысушы электронды цифрлық қолтаңба арқылы сайтта өтінім қалдырады. Іріктелген үміткерлерге веб-сайттағы жеке кабинетінде «Отбасы банк» АҚ-да төлем қабілеттілігін растауға жолдама беріледі, төлем қабілеттілігін сәтті растаған қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді өз бетінше таңдайды.

Резервке енгізілген, өтінімі қабылданбаған қатысушылар тізімі былтырғыдай өтінім қабылдау сайтында орналастырылады.

Қатысушыларға қойылатын басты талаптарды еске саламыз - жасы 35-тен аспауы тиіс, бағдарламаға қатысуға өтінім беруші мен оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында тұрғын үй болмауы керек, соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үй жағдайын қасақана нашарлату фактілері тексерілді. Қатысушының Алматы қаласындағы ресми жұмыс өтілі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО мен ҒЗИ, БАҚ және құқық қорғау органдары санаттарында соңғы 6 айдан кем болмауы керек.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы