Алматы қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, бейнекамераларды пайдалану қылмыстың азаюына оң әсер етті.
– Бүгінде полиция 4 000 бейнебақылау камерасының көмегімен қаладағы заңдылық пен тәртіпті бақылайды, олардың 600-і жасанды интеллектімен қамтамасыз етілген және заң бұзушылықтарды адамның қатысуынсыз тіркейді. Камера іздеуде жүрген адамды немесе жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автокөлікті анықтай алады. Олардың көмегімен жыл басынан бері 1 400 қылмыстың беті ашылды, 780 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деді Алматы қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов.
Сондай-ақ полиция басшысы Президенттің Алматы қаласын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жоба әзірленіп жатқандығын, оған сәйкес тәртіп сақшылары қаланың әртүрлі нысандарындағы барлық бейнекамераларға қол жеткізе алатындығын айтты.
– Мәселе сауда үйлері, ауруханалар, емханалар, мектептер, бір сөзбен айтқанда, азаматтар жаппай баратын орындар туралы болып отыр. Осылайша, біз қалада 100 мың бейнебақылау камерасы арқылы тәртіпті бақылауға мүмкіндік аламыз. Біз дәл осы алдын-алу шаралары жалпы қылмыстың азаюына оң әсер еткеніне сенімдіміз. Біздің қала тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз болды. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс жасай береміз, – деп қорытындылады Қанат Таймерденов.
Ақпарат көзі: Polisia.kz