Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындары алдында есеп берді. Төрт сағаттан астамға созылған онлайн шарада мыңнан аса сұрақ келіп түскен. Мегаполис тұрғындары Zoom платформасы арқылы сұрақ қойды. Тікелей эфир нөмірі мен әлеуметтік желі арқылы да сауалдар легі тоқтамады. «Алматы» телеарнасының тілшісі Open Almaty қоғамдық қабылдауы кеңсесінде болып, операторлардың жұмысын көрді.
Open Almaty қоғамдық қабылдауы жұмысын таңғы сағат 9:00-ден бастады. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беруі кезінде мұнда 300-ден астам алматылық хабарласқан. Байланыс орталығының операторлары әр қоңырауға жылдам жауап беріп жатты.
Open Almaty қоғамдық қабылдауында 17 оператор жұмыс істейді. Мұндағы мамандардың міндеті тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақты қабылдап, оны жауапты мекемеге жөнелту. Жөнелтіп қана қоймай, сол сұраққа жауап берілуін бақылайды. Open Almaty басшылығы 1308 нөміріне келіп түскен әрбір арыз-шағым, сауал, ұсыныс әкімдік тарапынан ескерусіз қалмайды дейді.
Камила Ғалымова, Open Almaty қоғамдық қабылдауының кеңесшісі: «Әртүрлі сұрақтар келіп түсіп жатыр. Көпшілігі әлеуметтік көмек, жол жөндеу жұмыстары және коммуналдық сұрақтар бойынша».
Ақпарат көзі: almaty.tv