Алматы қаласының Даму орталығы: білім беру саласындағы қоғаммен диалог

28.01.2026

Алматы қаласының Даму орталығында білім беру саласындағы қоғам өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен кезекті кездесу өтті.

Талқылау ашық форматта өтіп, қаланың білім беру ортасын дамытуға қатысты өзекті мәселелерге арналды. Атап айтқанда, білім беруді басқару, кадрлық әлеуетті дамыту, кәсіби бағдар беру, білім беру кеңістіктерінің қолжетімділігі, сондай-ақ жеке және қоғамдық сектор бастамаларын қолдау мәселелері қаралды.

Білім беру бағыты бойынша кәсіби қауымдастықпен осындай кездесулер 2025 жылғы желтоқсан айының ортасынан бастап ұйымдастырылып, тұрақты негізде өткізіліп келеді. Аталған кездесу саланың практикалық тәжірибесі мен нақты сұраныстарын ескеруге бағытталған жүйелі диалогтың жалғасы болды.

Талқылауға Елшибеков Нұрғали — JOO HIGH SCHOOL мектебінің академиялық директоры, Байтажикова Құралай — «Ауыл» педагогикалық академиясының менторы, сондай-ақ Қазақстанда бейресми білім беруді дамытуға бағытталған «КОМУНИТИПЛЮС» қоғамдық қорының директоры Құрманов Мейржан қатысты.

Сонымен қатар кездесуге InVision View компаниясының операциялық директоры Аммосова Анастасия қатысып, ағымдағы жылы қолданыстағы foundation базасында ағылшын тілінде оқытылатын бакалавриат бағдарламасына қабылдауды бастау жоспарлары туралы хабарлады. Сондай-ақ, Жәния Әубәкірованың жеке авторлық мектебінің басшысы Сапарғалиев Алмас өз пікірін білдірді.

Өз тәжірибелерімен Shokan Academy директоры Олег Пак, кәсіби бағдар беру саласының сарапшысы Нариман Өтебаев, сондай-ақ педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерін жан-жақты қолдауға бағытталған «Mugalim» бағдарламасының академиялық директоры Жақсыбаев Ерқанат бөлісті.

Алматы қаласының Даму орталығының өкілдері кәсіби және қоғамдық қауымдастықпен тұрақты диалог жүргізу білім беру жүйесінің нақты қажеттіліктерін ескеруге және осы саладағы қалалық бастамаларды іске асыруда тиімді тәсілдер қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен бастамалар зерделеніп, алдағы жұмыс барысында ескерілетін болады.