Алматы қаласын дамыту орталығында Amazon компаниясының және халықаралық спорт ұйымдарының өкілімен кездесу өтті

21.02.2026

Қазақстан Республикасының халықаралық байланыстарының жандану аясында, соның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапарлары мен инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі қол жеткізілген келісімдер, сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің АҚШ-тың жаңа Елшісімен жуырдағы кездесуі аясында Алматы қаласын дамыту орталығында CONYERS JAN KYLE мырзамен ресми кездесу өтті.

Кайл мырза — Amazon компаниясының өкілі, сондай-ақ International Ski and Snowboard Federation (FIS) және зияткерлік ерекшеліктері бар спортшыларды біріктіретін Virtus халықаралық ұйымының мүшесі. Оның кәсіби қызметі технологиялар, спорт және инфрақұрылым тоғысындағы халықаралық жобаларды дамытуға бағытталған.

Қазақстанға сапары аясында ол Щучинск қаласында өтетін FIS Eastern Europe Cup халықаралық шаңғы жарысының кезеңіне қатысуды жоспарлап отыр. Бұл оның сапарындағы спорттық бағыттың маңыздылығын айқындайды.

Кездесу барысында Алматы қаласын дамыту орталығының командасы Алматы қаласын дамыту жоспарын, қалалық ортаны цифрландыру басымдықтарын және негізгі инфрақұрылымдық бастамаларды таныстырды. Ерекше назар қысқы туризмнің жетекші алаңдарының бірі саналатын Шымбұлақ курортының туристік және спорттық әлеуетіне аударылды.

Сонымен қатар 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізуге қаланың жүйелі дайындығы, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту, сервистік экожүйені қалыптастыру және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.

Алматы қаласын дамыту орталығында Amazon өкілінің сапары және оның халықаралық спорт федерацияларындағы қызметі жаһандық технологиялық және спорттық қауымдастықтың Алматыға қарқынды дамып келе жатқан мегаполис әрі болашағы зор халықаралық алаң ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсететіні атап өтілді.