«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ өкілдері Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына (ҚазБСҚА) жұмыс сапарымен барды.

09.06.2026

«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ өкілдері сәулет, құрылыс, урбанистика және дизайн салаларында мамандар даярлайтын еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – ҚазБСҚА университетінде болды.

Сапар аясында Орталық қызметкерлері «Сәулеттік дизайн» білім беру бағдарламасы студенттерінің дипломдық жобаларын қорғау жұмыстарына қатысты. Болашақ мамандар қоғамдық кеңістіктерді дамытуға, заманауи сәулеттік нысандарды жобалауға және тұрғындарға қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған өз жобаларын таныстырды.

Дипломдық жұмыстарды қорғаудан кейін ҚазБСҚА ректоры Бахтияр Сабденалиев Орталық делегациясына университет бойынша арнайы экскурсия өткізді. Экскурсия барысында қонақтар заманауи оқу және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, жобалау студияларымен, мамандандырылған зертханалармен және студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға арналған инновациялық алаңдармен танысты.

Әсіресе сәулеттік жобалау, құрылыс технологиялары, материалтану, инженерлік зерттеулер және цифрлық модельдеу бағыттарындағы зертханалар үлкен қызығушылық тудырды. Қонақтар заманауи жабдықтармен жабдықталған зертханалардың жұмысымен танысып, білім беру мен ғылымды ұштастыру тәжірибесін көрді.

Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Қазіргі уақытта «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ мен ҚазБСҚА арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесі пысықталуда.

Университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы Алматы қаласын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға сараптамалық және ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ қала кеңістіктерін дамыту, урбанистикалық шешімдер әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және талантты студенттерді қалалық жобаларға тарту бағыттарында бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Бұл әріптестік ғылыми қауымдастықтың, жоғары білім беру жүйесінің және қалалық даму институттарының әлеуетін біріктіріп, Алматының тұрақты дамуына, заманауи және жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылым, білім және тәжірибенің өзара ықпалдастығы мегаполистің сапалы дамуының маңызды факторы екенін атап өтті.

ТӨРАҒА БЛОГЫ