Кездесу барысында әлеуметтік саланы дамыту мәселелері, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар еңбекке араласу мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтік интеграциясын қамтамасыз ету, сондай-ақ қалалық деңгейдегі өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары талқыланды.
Еңбек инклюзиясын дамыту мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік саясат тұжырымдамасы, сондай-ақ Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. Аталған құжаттар инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыруды және азаматтардың барлық санаттары үшін тең мүмкіндіктер жасауды көздейді.
Бұл шаралар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың білім алуға, кәсіби даярлықтан өтуге және жұмыспен қамтылуға қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың әлеуметтік және экономикалық дербестігін арттыруға бағытталған. Инклюзия мен әлеуметтік қолдау мәселелері мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде ерекше бақылауда.
Кездесу барысында Захира Бегалиева ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды заманауи цифрлық және кәсіби дағдыларға оқытуға бағытталған ITeachMe әлеуметтік жобасының іске асырылу нәтижелерін таныстырды. Бүгінгі таңда бағдарлама 1000-нан астам адамды қамтып, олардың еңбек нарығына табысты кірігуіне және кәсіби тұрғыда өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар еңбек инклюзиясын дамытуға, әлеуметтік бастамаларды қолдауға және ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қаланың әлеуметтік-экономикалық өміріне толыққанды қатысуы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.
Алматы қаласын дамыту орталығы қаланың кешенді даму жоспары мен мемлекеттік әлеуметтік саясат аясында барлық тұрғындар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады.
