«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ қалалық аналитика, урбанистика, цифрландыру және білім беру саласындағы өзара іс-қимыл форматын кеңейте отырып, Нархоз университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

21.02.2026

Құжат қалаға практикалық қолдау көрсетуге бағытталған институционалдық әріптестікті көздейді. Атап айтқанда, социологиялық зерттеулер жүргізу, өмір сапасының жыл сайынғы индекстерін өлшеу, қалалық орта үшін жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу және мегаполистің даму тиімділігін бағалаудың халықаралық әдістемелерін енгізу жоспарланып отыр.

Кездесу барысында Нархоз университетінің шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Queen’s University Belfast және National University of Singapore университеттерімен, сондай-ақ New York University жанындағы урбанистика орталықтарымен белсенді ынтымақтастық орнатқаны атап өтілді. Бұл өз кезегінде инклюзия, денсаулық сақтау, көлік аналитикасы және стратегиялық жоспарлау салаларындағы озық халықаралық тәжірибелерді бейімдеуге мүмкіндік береді.

Тараптар пилоттық жобаларды іске қосуға, зерттеу мәдениетін дамытуға, қаланың даму көрсеткіштерін өлшенетін индикаторлар арқылы қалыптастыруға және білім беру ұйымдарымен жүйелі жұмысты жолға қоюға дайын екендерін білдірді. Сонымен қатар, тұрақты даму, экологиялық жауапкершілік және заманауи қалалық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қол қойылған Меморандум академиялық сараптаманы, халықаралық тәжірибені және практикалық тетіктерді біріктіре отырып, Алматының орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ортақ ниетті бекітеді.