Алматы әкімінің иесіз желілерді қала балансына беру жөніндегі тапсырмасын қазан айына дейін толығымен аяқтау жоспарлануда - Ә.Масабаев

02.09.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, барлық иесіз желілер қала балансына беріледі. Бұл коммуналдық қызметтердің апаттық жағдайларына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Коммуналдық қызметтерге тарифтер төмендеп, олар жалпы қалалық қызметтермен теңестіріледі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев шаһар басшысы тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты.

Әсет Масабаев хабарлағандай, бүгінгі күнге дейін Алматы қаласы бойынша 700-ге жуық мекенжай қабылданған. Иесіз желілерді Алматы қаласының коммуналдық меншік балансына көшіру рәсімі 2 кезеңде өтті.

«Өткен жылы қарашаға дейін сот шешімі арқылы 544 мекенжай қабылданды. Бұл 156 негізгі қосалқы станция және 746 км электр желілері. Биыл жұмыстар наурызға дейін жалғасты. Аудан әкімдігімен бірлесіп, қалған 450 мекенжай анықталды. Барлық иесіз желілер бойынша сот шешімдері бар. Тек Бостандық ауданының шешімі жоқ. Қазіргі уақытта біз олармен жұмыс істеп жатырмыз», - деді Әсет Масабаев. Бостандық ауданы бойынша жалпы 132 мекенжай бар. Бұл 19 трансформаторлық қосалқы станция, 63 электр желісі. Қыркүйек айының соңына дейін Алматы қаласының коммуналдық меншігінің балансына беру жоспарлануда. Қазіргі уақытта тіркеу рәсімі жүріп жатыр.

«Келесі кезекте Алатау Жарық компаниясының балансына беріледі. Қазіргі уақытта осы желілердің барлығын әділет органдарында тіркеуді аяқтау рәсімі жүріп жатыр. Қалған 400-ден астам нысан бойынша рәсімдеуді аяқтап қалдық. Осы аптада әкімнің Алатау Жарық компаниясының балансына беру туралы қаулысы болады», - деді ол. Осыдан кейін дербес шоттарды заңдастыру рәсімі болатынын атап өтті.

Жалпы, Ә. Масабаев үстіміздегі жылдың қазан айына дейін иесіз қалған жерлерді қала баласына беруді толығымен аяқтау жоспарланғанын хабарлады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі