Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қала тұрғындарымен кезекті кездесуі Алатау ауданында өтті. Қала басшысы ауданның дамуы және тұрғындардан түскен ұсыныстары бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Кездесуге 250-ден астам адам келді.
Алатау ауданын дамытудың маңызды аспектілерінің бірі тұрғындарды орталық коммуникациялармен қамтамасыз ету мәселесі болып табылады. Биыл аудан әкімдігі 5 шағынауданда ұзындығы 150 км инженерлік желілерді салуды жоспарлап отыр. Мердігерлер анықталды. Жұмыс мамыр мен шілде айында басталады.
«Бұдан басқа, жыл соңына дейін «Самғау» және «Өжет» шағынауданында 5 кәріз-сорғы станциясы салынады. Сондай-ақ, мамыр айында «14-ші аумақ» ш/а құрылысы ұзаққа созылған инженерлік желілердің мәселесі шешілетін болады», - деді қала әкімі.
Ауданда жол инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық көлік жұмысының сапасын арттыру өзекті мәселе болып қала береді. Алатау ауданының барлық шағынауданындағы 60 көшеде 23 мың м2 жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Осы мақсатта ауданға 250 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, мамыр айында 12 шағынаудандағы ұзындығы 60 км 79 көшедегі жолды орташа жөндеу басталады. Барлық жол жөндеу жұмыстары қазан-қараша айында аяқталады.
«Желтоқсан айында Саин көшесін ұзарту, Саин және Мөңке би көшелерінің қиылысындағы жолайрығы құрылысының бірінші кезеңі аяқталады, оның іске қосылуы қаланың негізгі магистральды көшелеріндегі, ең алдымен Рысқұлов даңғылы мен Момышұлы көшелеріндегі көлік легін едәуір қысқартады«, - деді Ерболат Досаев.
Әкіммен өткен кездесулерде аудан тұрғындары қоғамдық көліктің жұмысына, атап айтқанда кейбір қолданыстағы бағыттардың қолайсыздығына және жоспарлы қозғалыс аралықтарының сақталмауына шағым айтқан болатын.
Өткен жылы әкімдік қалаға сатып алған 450 жаңа автобустың 92-сі Алатау ауданына берілді. Биыл аудан тағы 200 автобусты алатын болады, соның нәтижесінде 19 бағыттағы жылжымалы құрам жаңартылады.
Бұдан басқа,жыл соңына дейін 7 бағытты жаңарту үшін жеке тасымалдаушылардың 73 автобус сатып алуы қарастырылған.
Ауданда жолдарда қауіпсіздікті арттыру үшін 193 «Сергек» кешені жұмыс істейді, оның 97-сі биылғы жылы орнатылған.
Қадамдық қолжетімділік тұжырымдамасы аясында тұрғындарды әлеуметтік инфрақұрылымның барлық игіліктерімен қамтамасыз ету мәселелеріне қалада ерекше мән беріледі.
«Алатау ауданында шамамен 4600 бірлікті құрайтын оқушы орынының тапшылығын азайту үшін биыл 12 600 оқушыға арналған 8 мектеп салу жоспарланған. Мектептер 2024 жылдың соңына дейін салынады.
Сыныптан тыс демалыс үшін мамыр айында аптасына 5 мыңнан астам бала қатыса алатын инновациялық шығармашылық орталық салынатын болады. Мұндай ауқымды білім беру жобасы ауданда алғаш рет қолға алынуда«, - деді қала әкім.
Сапалы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Саялы» және «Қарасу» шағынауданында жоспарлы қуаттылығы бір ауысымда 200 адам қабылдайтын 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды.
Қауіпсіздік және абаттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Ауданда бейнемониторинг жүйелерінің желісін кеңейту аясында ағымдағы жылдың соңына дейін 750 жаңа бейнекамера орнату жоспарлануда.
Өткен жылы ауданда 135 көшеде сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Биыл ауданның жарықтандырылмаған 123 көшесі бойынша ЖСҚ әзірлеу жоспарлануда. Осылайша, 2025 жылы ауданда көше жарығымен қамту деңгейі 100%-ды құрайды.
Аудандағы үнемі су басып қалатын орындардың мәселесі шешілді. Қолда бар 18 учаскенің 16-сына қажетті жұмыстар жүргізілді, қалған 2 учаске бір ай ішінде жойылады.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қыркүйекке дейін ойын, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, жаяу жүргіншілер аймақтары, скверлер салынады. Осы мақсаттарға ауданға қосымша 875 млн теңге бөлінді.
Бұдан басқа, Қарасу көлін механикалық тазарту жұмыстары басталды. Алматы әкімі көлдің алғаш рет тазаланып жатқанын атап өтті. Тазалауды қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда.
Дереккөз: Almaty.tv