Алматы әкімдігі тұрғындардың қала аумағында ағаш егуге қатысты ұсыныстарын қабылдауға дайын

14.08.2020

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская мегаполис аумағын жасыл желектендіру мәселесі бойынша қала тұрғынының ұсынысына қолдау білдірді.

Алматы қаласы әкімдігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей эфир кезінде Алматы тұрғыны Айгүл Тұрысбекова комментарий қалдырды.

«Ағаш отырғызуға болатын бос жатқан жерлердің мекенжайын Жасыл экономика басқармасының ФБ аккаунтына жолдауды ұсынамын. Қала тұрғындары үшін мұндай ақпаратты смартфондар арқылы жолдау әлдеқайда ыңғайлырақ болар еді», - делінген комментарийде.  

Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская бұл бастамаға қолдау білдірді.

«Біз мұндай ұсыныстарды қолдауға дайынбыз және қолдаймыз да. Әлеуметтік желілерге қатысты ұсыныс қолдау тауып отыр. Facebook пен Instagram-да біз мониторинг қолданамыз. Бізде сонымен бірге, өзіміздің сайтта ағаш егуге болатын орынды немесе тэгті белгілейтін қосымша парақ ашу идеясы болған. Одан кейін барып біз ол орындарды қараймыз, ағаш отырғызу мүмкіндігін, жер учаскесінің меншік иесі бар-жоқтығын анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін барып жұмысқа кірісіп, ағаш еге бастаймыз. Мұндай бастаманы барынша қолдаймыз», - деді Наталья Ливинская.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі