Айыппұл және лицензиядан айыру: Алматыда бұзылған жолдар үшін мердігерлер жауапқа тартылып жатыр

29.03.2021

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша инженерлік желілерді салған компаниялар жұмыс технологиясын бұзғаны үшін жауапқа тартылып жатыр.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен «Монолит Дизайн-2030» компаниясы лицензиядан айырылып, 800 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл компания Тастыбұлақ ықшамауданында орталық коммуникациялар құрылысын жүргізген болатын.

Былтыр аталған компанияға қатысты жұмыста жіберген кемшіліктері үшін әкімшілік шаралар қолданылған. Биыл ақпанда Тастыбұлақ ықшамауданының тұрғындары Алматы әкіміне компанияның жұмысты аяқтаған соң жолдарды ретке келтіруді сапасыз жүргізгенін айтып шағымданған еді.

Осы шағымның негізінде қайта тексеру жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталды, компанияны лицензиядан айыру үшін материалдар әкімшілік сотқа жіберілді.

Бұған дейін осындай заң бұзушылықтар үшін Алатау ауданында инженерлік желілерді салған «Сигма» компаниясы сот шешімімен лицензияланатын қызметтің кіші түрінен айырылған болатын.

Сонымен қатар өзге проблемалық нысандарда жұмыс жүргізген бірқатар компанияға қатысты қайта тексеріс тағайындалды, олардың арасында Төле би көшесінде инженерлік желілерді қайта салған «АГС-ПЛАСТ» ЖШС мен «Сұңқар» ЖШС бар.

Еске салсақ, жақында Төле би-Мұратбаев көшелерінің қиылысында «AGS-PLAST» ЖШС-нің инженерлік жұмыстарды сапасыз жүргізгені салдарынан жол қақ айрылған еді.

Қазір бүкіл қала бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында стандарттардың сақталуына бақылау күшейтілді. Әкімдік салалық компанияларды жұмысты орындау кезінде барлық нормалар мен талаптарды сақтауға шақырады. Тексеру қорытындысы бойынша лицензиядан айыруға дейін барлық тиісті шаралар қолданылады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі