Жоба оқу орындарының материалдық базасын кеңейтуге мүмкіндік бермек.
«Жас маман» жобасы оқу орындарының материалдық базасын кеңейтуге мүмкіндік бермек. Бүгін Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжіндегі соңғы үлгідегі құрылғылар шетелдік ұстаздар мен мамандарға арнайы таныстырылды.
Оқу орнына 2021 жылы мемлекет тарапынан құны 250 миллионға жуықтайтын заманауи тігін машиналары мен түрлі жабдық сатып алынған. Бұл студенттердің тәжірибелік білімін арттыруына, білікті кадр даярлауға септігін тигізбек. Бүгінде оқу орнында 1100 студент бар. Оның жартысынан көбі тігін өндірісі бойынша білім алады.
«Алған құрал-жабдық қалың, жеңіл киім тігуе арналған. Сонымен бірге киімді өңдейді. Киім өңдеу кезеңдерін осы жерде үйреніп шығады. Оқушылар алдымен қолмен тігеді, содан кейін тігін машинасын қолдануды үйренеді», – деді Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінің директоры Жарқын Жаниязова.
Колледж басшылығы алдағы уақытта студенттерін шетелдік оқу орындарына жіберіп, тәжірибе алмасуды көздеп отыр. Осы бастама арқылы отандық өнімді әлемдік нарыққа шығаруды да қолға алмақ.
«Қазіргі таңда көптеген бұйым тігіп жатырмыз. Бұрын киім тіксек, қазір құрақ көрпе, мейрамханаларға арналған салфетка тігеміз», – деді Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінің студенті Балнұр Тәттібек.
Дереккөз: Almaty.tv.