Сұрақ-жауап: Медеу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

03.03.2023

Алматыда ескірген тұрғын үй қорын қалпына келтіру бағдарламасы дайындалып жатыр.

Алматыда ескірген тұрғын үй қорын қалпына келтіру бағдарламасы дайындалып жатыр. Қабырғасы сөгіліп, кірпіші үгіліп жатқан баспаналарды инвесторлар немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырып, халықты қауіпсіз жерге көшіру жоспарда тұр.

Медеу ауданы тұрғындарымен кездесу №168 мектепте өтті. Жиынға келгендердің қарасы көп. Онда айтылған мәселелер шешімсіз, қойылған сұрақтар жауапсыз қалмады. Қала басшысы әрбір тұрғынның базынасын соңына дейін тыңдады. Тек тыңдап қойған жоқ, түйткілдің шешу жолын да қарастырды. Мәселен, Медеу ауданының тұрғыны ескі үйлердің мәселесін көтерді. Оның айтуынша, талай жылдан бері жөндеу көрмеген, тозығы жеткен тұрғынжайда тұру мүмкін емес.

«Мен – Медеу ауданының тұрғынымын. Авариялық жағдайда тұрған Абдуллин көшесіндегі 48-үй 1937 жылы салынған. Осы 50 жылдан бері бірде бір күрделі жөндеу өткізілген жоқ», – деді қала тұрғыны.

«Биыл қалалық реновация бағдарламасын дайындап жатырмыз. Осы енді арнайы Абдуллин көшесіне қарайды. Бірақ мен алдында инвесторларды іздеуді тапсырған. Егер инвестор табылмаса, басқа амалын қарастырамыз. Өткен жылы қарашада бюджеттен ақша бөлгем, қаражатты қайта қараймыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ал Думан ықшамауданының тұрғындары тұрғын үй кешені көп салынғандықтан, мектеп мәселесі туындағанын айтты. Тұрғындар саны артқан сайын білім беру мекемесіне деген сұраныс та 2 есе артқан.

«Бастысы – мектеп мәселесі болып отыр. Қазіргі таңда мектеп 1800 балаға арналған. Алайда ол жерде 3 мыңнан астам оқушы оқиды. Менің 3 немерем оқиды.  «1200 орындық  мектеп салуды жоспарлап отырмыз» деп айттыңыз. Бірақ мүмкіндігінше бала санын есепте, соған сай мектеп, балабақша салуға болмай ма?», – деді қала тұрғыны.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес Құлжа тасжолы мен Талғар трактінің арасында 2 мың орындық мектеп саламыз. Жобаны бастағанда шағынаудандарды есепке алдық, орын саны жеткілікті болуы тиіс», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Медеу ауданындағы 4 бірдей ықшамаудан тұрғыны жол қауіпсіздігі үшін көпір салуды ұсынды. Олардың айтуынша, таңертең көлік ағыны көп болған кезде, оқушыларды мектепке жіберу өте қауіпті.

«Рысқұлов көшесінен өтетін көпір керек. Халықтың сұрауы. Таңертең мен өзім немеремді шығарып саламын. Қайратқа бару үшін 750-800 метр жүру керек. Қайрат пенен Айша бибінің ортасы 3 шақырым. Мүмкін болса, бір адам өтетін көпір салып берсеңіздер», – деді қала тұрғыны.

«Сол аймақты көрейік. Мәселенің шешу жолын қарастырайық», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев

Кездесуде микрофон алдына кезекке тұрған тұрғындар сұрағын қойды.  Ал мәселесін жазбаша қалдырғысы келгендер қала әкімдігі басқармасы мамандарының кеңесіне жүгінуге мүмкіндік алды.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.