18.10.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында ғылым, білім саласындағы серіктестікті дамыту мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қытайдың ЖОО басшыларымен бірқатар келісімдер жасады.

Аталған халықаралық келісімдер негізінде ҚазҰУ мен Бейжің мұнай университеті энергетика саласында бірлесіп ғылыми кадрларды дайындайтын болады.

Келісімнің мақсаты – энергетика секторында индустрияны бірлесіп дамыту және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін «Бір белдеу, бір жол» қауымдастығын құру.

Сондай-ақ келісім аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Бейжің шет тілдері университеті академиялық ұтқырлық бойынша оқытушылар мен студенттерді алмастыру жұмыстарын жандандырмақ.

ҚазҰУ мен Қытай университеттері арасында белсенді академиялық ұтқырлық бар. 2019-2023 оқу жылында ҚазҰУ-дың 79 студенті (докторантура, магистратура, бакалавриат бағдарламалары бойынша) ғылыми тағылымдамадан өтті және Қытай университеттеріндегі жазғы мектептерге қатысты. Сондай-ақ 37 оқытушы білімдерін жетілдіру мақсатында ҚХР университеттерінде ғылыми конференцияларға қатысып, тәжірибе алмасты.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да 409 қытайлық студент білім алуда, оның 94-і мемлекеттік білім грантында, 315-і келісімшарт бойынша.

ҚазҰУ-да қытайтану кафедрасы жұмыс істейді, ол 3 деңгейлік жүйе бойынша: бакалавр, магистратура, докторантура (PhD) бойынша қытайтану мамандарын дайындайды.

Университетте бүгінге дейін Қытайтану кафедрасы мен Конфуций инстуты табысты жұмыс істеп келеді.

ҚазҰУ Қытай университеттерімен серіктестікте екі орталық ашты: Бейжің шет тілдер университетінде Қазақстан орталығы және Шанхай университетінде «Қазақстан орталығы». Бұл орталықтардың негізгі ғылыми қызметі серіктестермен бірлесе отырып, қазақ тілін үйренуге арналған оқу-әдістемелік материалды құрастыруға және ҚазҰУ-да дайындалған оқулықтарды Қытайда қайта басуға бағытталған.

Айта кетейік, жуырда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Аталған филиалдан техникалық бағыттағы білікті мамандар даярланады. Сонымен қатар оқу ордасында «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай Орталық Азия – Қытай жоғары білім ынтымақтастық форумы өткен болатын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың 50-ден астам жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан.

 

 

 

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі