Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық қорғау академиясының курсанттарымен кездесуінде айтты.
Зілзаладан зардап шеккен Түркияға көмектесуге аттанған қазақстандық құтқарушылар елге аман-есен оралған соң марапатталады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық қорғау академиясының курсанттарымен кездесуінде айтты. Сондай-ақ, ел Президенті түрік ағайындарға қосымша көмек жіберуді тапсырды. Енді шатырлар және жылытқыштар жөнелтілмек.
Мемлекет басшысы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына барды. Өз сөзінде, Президент құтқарушы болу – қиын әрі қатерлі кәсіп екенін баса айтты. Ол соңғы уақытта жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп бара жатыр. Біз ондай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуымыз керек деді.
Сондықтан, бүгін осы сала мамандарының жағдайымен танысуға академияға арнайы келген. Өйткені, білім ордасы кәсіби құтқарушылар дайындайтын бірден-бір оқу орны. Мекемені ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Зілзаладан түгі қалмай қирап, үйінді астында қалған Түркияға көмектесуге аттанғандар қатарында осы білім ордасын тәмамдаған мамандар да бар.
«Жақында Түркияда жойқын жер сілкінісі болғанын білесіздер. Менің тапсырмаммен бауырлас Түркия еліне құтқарушылар және дәрігерлер жіберілді. Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Апат айтып келмейді. Сондықтан, басына қайғы түсіп, қиналғандарды демеп жіберуге бауырмал Қазақстан қашанда дайын. Түрік ағайындарға көмектесуге аттанған қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер зардап шеккендерге тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр. Отандық мамандар іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 7 адамды үйінді астынан алып шықты. Қаза тапқан 85 адам, оның ішінде 10 баланың денесін үйінді астынан шығарды.
«Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі тобы Газиантеп және Нұрдағы қалаларында іздестіру-құтқару жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта 7 адам құтқарылды. 60-тан астам зардап шеккендер мен науқастарға медициналық көмек көрсетілді. Жылыту пунктерінде 200-ден астам адам орналасты. Авариялық құтқару жұмыстары жалғасуда», – деді ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин.
Ал алматылық қолы ашық ағайын қолда барын Байтұрсынов көшесіндегі №22 үйге жеткізіп жатыр. Қазір гуманитарлық көмек жинайтын онда бос орын жоқ. Еріктілер енді тамақ пен киім-кешекті қабылдамайды. Өйткені Түркия елшілігі қиранды астынан аман шыққандарға көбірек жылы көрпе, жылытқыш құрылғылар және палатка секілді заттардың керек екенін айтқан.
Айта кетейік, осы көмекті жеткізуге алматылық 100-ге жуық ерікті екі ауысымда атсалысып жатыр.
«Қазіргі уақытта гуманитарлық көмекті жинау және оны тасымалдау бойынша жұмыстар жалғасуда. 43 тоннадан астам көмек жіберілді. Қосымша тағы да жиналып жатыр. Демеушілеріміздің қолдауымен біз Түрік елінің елшілігіне заттарымызды жеткізіп жатырмыз», – деді ерікті Бағдат Анарбаева.
Айта кетейік, Қазақстандық құтқарушылардың алғашқы легі Түркияның Газиантеп қаласына 7 ақпан күні аттанды. Мамандар құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған қажетті құрал-жабдықтың барлығымен жабдықталған. Оларда авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектің 160-тан астам түрі бар. Жалпы жер сілкінісінің салдарын жоюға 100 отандық құтқарушы жұмыла кірісіп жатыр.
Дереккөз: Almaty.tv.