Негізгі күш Алматыға жаңадан қосылған аймақтарға құрылыс жүргізуге арналады - Жанат Айтілеу

25.01.2023

2040 жылға дейін Алматы қаласы бес полиорталық бойынша дамиды.

2040 жылға дейін Алматы қаласы бес полиорталық бойынша дамиды. Бүгін сарапшылар, қоғам белсенділері мен жалпы жұртшылық қаланың Бас құрылыс жоспарын талқыға салды.

Жобаны жасаушылардың айтуынша, құжатта шаһардың тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік, көлік, цифрлық әлеуеті сияқты салалары қарастырылған. Сондай-ақ қала халқының саны 2040 жылға дейін 3 миллион адамға жетеді деп болжап отыр. Бұл ретте агломерациямен үйлесімді байланыс орнату, жайлы орта қалыптастыру, көлік қатынасын реттеу, жасыл аумақтар мен әлеуметтік нысандарды арттыру көзделген.

«Қаланың негізі аумағы үлкеймейді. Бұл жолғы Бас жоспардың жобасы қаланың70 мың гектарына арналған. Облыстан қосылған елді мекендерде халыққа керекті әлеуметтік нысандар жеткіліксіз салынған. Сондықтан күш қалаға жаңадан қосылған аймақтарда құрылыс жүргізуге арналады. Өйткені ол жерлерде мектеп, балалабақша, аурухана жетіспейді», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бөлім меңгерушісі Жанат Айтілеу.

Есте болса, қолданыстағы стратегиялық құжат сонау 2002 жылы бекітіліп, уақыты аяқталғандықтан жоспарды 2030 жылға дейін жасау көзделген еді. Алайда оған енген түзетулер жан-жақты дұрыс жетілдірілмегендіктен, былтыр қала әкімі Ерболат Досаев жоспарды 2040 жылға дейін қайта қарастырып, жаңа Бас жоспар жасауды тапсырған болатын. Қоғамдық талқылау тағы екі күн жалғасады. Тілек пен ұсыныс ескеріліп, пысықталған жоспар кейіннен Үкімет қарауына жіберіледі.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.