Алматыда көктемде қауіп тудыратын 10 өзен мен көл бар.
Биыл көктемі ерте келеді. Синоптиктер алдағы апталарда ауа температурасы +15 градусқа дейін көтеріледі деп болжап отыр.
Күн жылынып, көктем мезгілі жақындаған сайын төтеншеліктер рейдтік іс-шараны жүргізуді жиілеткен. Қазір қала аумағында қатқан көлдің қалыңдығы 25 сантиметр болғанымен, мұз жұқа. Сол себепті мамандар жолды қысқартамын деп мұз қатқан су бетінің үстімен жүру аса қауіпті екенін ескертеді.
Кіші Тоған – Алматыдағы ауқымы жағынан ең үлкен көлдің бірі. Аймақты төтеншеліктер мен құтқару қызметі тәулік бойы бақылайды. Оқыс жағдайдың алдын-алады. Жазатайым оқиға бола қалса, жедел жетіп, көмек көрсетуге сақадай сай.
«Мұз айдынына түнгі уақытта жаяу немесе автокөлікпен шығуға тыйым салынады. Қаттылығын аяқпен теуіп, секіруге болмайды. Мұз үстімен жүрген адамдарға алдымен ескерту беріледі, оны ескермеген жағдайда айыппұл да қарастырылған. Әкімшілік құқық-бұзушылықтың 412-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемі көрсетілген. Ол шамамен 35 мың теңге болады», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтанов.
Алматыда көктемде қауіп тудыратын 10 өзен мен көл бар екен. Тұрғындарға арнайы ережені түсіндіріп, қатердің алдын алуда еріктелер де белсенілік танытып жүр. Олардың айтуынша, жұртқа ақпарат таратуда мұндай іс-шара аса маңызды.
«Түсіндіру жұмысын әр бағытта жүргіземіз. Кейде мектеп оқушыларына арнайы барып, сабақ өткізсек, енді бірде үй-үйді аралап, жадынама таратамыз. Қалай дегенмен, адам өмірі ғой. Оған әрқайсымыз бей-жай қарамауымыз керек», – деді ерікті Әнел Колубаева
Өткен жылы еліміз бойынша 239 адам жолды қысқаратамын деп мұз қатқан су бетінің үстімен жүріп, оқыс жағдайда мерт болған. Олардың арасында 77 кәмелетке толмаған бала бар. Ал Алматыда қайғылы оқиға тіркелмепті.
Дереккөз: Almaty.tv.