Қазақстан алғаш рет ДДСҰ-мен бірге медициналық көмек орталығын құрды

29.03.2022

ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысының елімізге үш күндік ресми сапары басталды.

Қазақстан алғаш рет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп Еңбекшіқазақ ауданында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жөніндегі орталық құрды. Бастаманы жүзеге асыру үшін ұйымның Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге Алматыға келіп, еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен кездесті.

28 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюгенің Қазақстанға үш күндік ресми сапары басталды. Ұйым өкілі алдымен Алматыда еліміздің денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен кездесіп, ұйымның Еуропалық бюросы мен Қазақстан ынтымақтастығының қорытындысын шығарды. Сондай-ақ елімізде алғаш рет ашылғалы жатқан ДДСҰ-ның Қазақстандағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі демонстрациялық алаңына қатысты мәселелер қарастырылды. Кейін екі тарап Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде студенттермен жүздесіп, отандық медицинаны дамыту бағыттарын сөз етті.

«Біздің алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі кеңсеміздің Қазақстанда орналасқанына өте қуаныштымыз. Өйткені алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша негізгі жаһандық декларацияның біріншісі 1978 жылы Алматыда, екіншісі 2018 жылы Нұр-Сұлтанда қабылданған еді. Жалпы Қазақстан тұрақты даму бойынша діттеген барлық мақсатына қол жеткізіп келеді. Соның ішінде, алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында жаһандық және аймақтық көшбасшысы болып отыр. Бүгінде бұл бастама өз жалғасын табуда», - деді ДДСҰ Еуропалық бюросының аймақтық директоры Ханс Клюге.

Ханс Клюгенің айтуынша, соңғы екі жылда ДДСҰ-ның алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Еуропалық орталығы өзінің жаңа тұжырымдамасын әлемнің өзгеріп жатқан қажеттіліктеріне қарай бейімдеп, жұмыс қарқынын едәуір арттырған. Сондай-ақ ұйым пандемия кезінде елдегі мамандарды даярлауда айтарлықтай көмек көрсетіп, гуманитарлық жүк жіберіп отырғанын алға тартты. Жиын барысында қатысушылар Алматыдағы Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратында дөңгелек үстел өткізіп, аталмыш алаңдардың бір жылда жеткен жетістігін ортаға салды. Бұл ретте министр Ажар Ғиният Денсаулық сақтау саласы отандық медицинадағы барлық қызмет түрлерін жаппай қамтамасыз етуге арналған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

«Демонстрациялық алаңымыз тек Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының медициналық ұйымдары емес, басқа да біздің елімізде әлеуметтік қызметкердің, психолог маманның, дәрігердің бірігіп және де осы дәрігердің бір емес бірнеше мейірбике көмекшілерінің болуы, келген адамды тек ауруына байланысты қабылдау емес, оның үй жайын білу, әлеуметтік жағдайын білу, соның бәрін бірлесіп қарау қағидасы қаралып жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Айта кету керек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету Қазақстан халқының неғұрлым кең таралған ауруларының профилактикасын, диагностикасын және емдеу жолдарын қарастырады. Бүгінде елімізде дәл осындай 5700-ге жуық ұйым бар. Онда бәрінде 86 мың медицина қызметкері мен 23 мыңнан аса дәрігер жұмыс істейді. 2025 жылға дейін тағы 500 жаңа нысанды салу жоспарланып отыр. Ал ертең, 29 наурызда Денсаулық сақтау министрлігі елімізде алғаш рет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі демонстрациялық алаңын ашады. Бұл өз кезегінде медицинада елеулі мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.