ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында ведомствоның балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады.
Мәселен, іс-шаралардың бірі оқушыларға медициналық көмекті ұйымдастыруды өзгерту болып табылады.
«6 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың денсаулық әлеуетін қалыптастыруға мектеп ортасы үлкен әсер етеді. Осыған байланысты біз оқушыларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын әзірлеу бойынша жұмысты бастадық, онда мектеп медбикесінің функционалы, мектеп медбикесінің 1 ставкасына оқушылар санының нормативі, мектептердің медициналық пункттерін материалдық-техникалық жабдықтау нормативі, алдын алу жұмыстарының тәртібі және т.б. регламенттелетін болады«, - деді А. Ғиният.
Бұл ретте мектеп пен қоғамдастықтың түрлі сегменттерін: оқытушыларды, тамақтану қызметінің қызметкерлерін, оқушыларды, отбасыларды, мектеп басшыларын, мектеп медбикелерін, әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы мамандарды біріктіруді білдіретін »Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы қайта жаңартылды.
«Пандемияға байланысты 2 жыл бойы бұл жоба толық жұмыс істемеді, бүгінде жобамен 1 181 (17%) мектеп қамтылды. Жұмыс нәтижесінде салауатты өмір салтын қолдауға ықпал ететін мектеп ортасына жағдай жасау күтілуде. 2025 жылға қарай артық салмағы бар оқушылар саны 100 мың балаға шаққанда 90 - ға дейін төмендейді деп күтілуде«, - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ, жоспарды іске асыру шеңберінде балаларды скринингтермен қамтуды арттыру бойынша шаралар іске асырылуда.
Осылайша, балалардың ауруларын ерте қамту және диагностикалау мақсатында елімізде жаңа туған нәрестелер мен ерте жастағы балаларды скринингтік зерттеп-қарау бағдарламасы енгізілді, ол жаңа туған кезеңнен бастап мектеп жасына жеткенге дейін әрбір баланы сүйемелдеп, кезең-кезеңмен кешенді тәсілді іске асыруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, ағымдағы жылдың басынан бері Министрлік скринингтердің сапасын жақсартуға және қамтуды арттыруға бағытталған бірнеше бастаманы іске қосты.
ҚР ДСМ педиатриялық көмекті ұйымдастыру стандартын әзірледі. Онда ДДҰ ұсынымдарын ескере отырып, жүйке-психикалық даму шәкілдері қайта қаралды; баланы дамыту кабинеттерін жарақтандыру нормалары толықтырылды, алғаш рет аутизмге скринингтік тест енгізілді, баланы дамыту кабинеттерінің саны 600-ден 1500-ге дейін ұлғайтылатын болады.
Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жыл сайын МСАК деңгейінде 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеру жүзеге асырылады.
Ағымдағы жылы 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларды скринингтік және профилактикалық тексеру пакеттерін аспаптық және зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін, 1 жас, 3 және 6 жас аралығындағы балаларға назар аудара отырып, арнайы бейінді мамандардың қарауларын қосу жоспарлануда.
Дереккөз: Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы