18.04.2025

2025 жылғы 15 сәуірде Халықаралық білім беру корпорациясы ҚазБСҚА-да сәулет, урбанистика, әлеуметтік саясат және мемлекеттік басқару салаларындағы сарапшыларды біріктірген «Инклюзивті қала: Шешімдер мен мүмкіндіктер» атты панельдік сессия өтті.

Қазіргі заманғы қала – бұл барлық тұрғындар үшін жасы, денсаулық жағдайы немесе өмірлік жағдайларына қарамастан ыңғайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді болуы тиіс орта. Инклюзивті қала – әрбір адамға білімге, көлікке, цифрлық қызметтерге, қоғамдық кеңістіктерге және қалалық өмірдің басқа да аспектілеріне тең қолжетімділік қамтамасыз етілетін орта.

Мұндай ортаны қалыптастыру – сәулетшілердің, қала жоспарлаушылардың, билік өкілдерінің, IT-мамандардың және қоғамдық ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуін талап етеді. Осындай пәнаралық ынтымақтастық панельдік сессия барысында талқыланды. Іс-шара тәжірибе алмасуға және инклюзивті қалалық ортаны дамытуға бағытталған нақты шешімдерді бірлесе іздеуге арналған ашық алаңға айналды.

Кездесудің негізгі сәттерінің бірі – «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Мұратқызы Ғабдуллинаның сөз сөйлеуі болды. Ол БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясында әзірленіп жатқан Екінші ерікті жергілікті шолу шеңберіндегі басты бағыттарды таныстырды. Аталған стратегиялық құжат қалалық ортадағы инклюзия мәселелеріне арналған.

«Инклюзивтілік – бұл қайырымдылық емес, бұл – жаңа қалып. Бұл – әрбір адамның қаланың өміріне толыққанды қатысуға құқығы бар деген көзқарас, ол адамның физикалық мүмкіндігіне, психикалық жағдайына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жүзеге асуы тиіс», – деп атап өтті Жанар Ғабдуллина.

Сессияға қатысушылар ерекше назарын «2030 жылға дейінгі Инклюзивті Алматы» тұжырымдамасына аударды. Бұл тұжырымдама сәулеттік қолжетімділіктен бастап цифрлық шешімдерге дейінгі 15 бағыт бойынша 90-ға жуық жобаны қамтиды. Сонымен қатар, Алматы қаласын дамыту орталығы құрылымында халықтың осал топтарының қажеттіліктеріне бейімделген цифрлық сервистерді әзірлеумен айналысатын арнайы бөлімше құру жөніндегі жаңа бастама таныстырылды.

Сессия мемлекеттік және жобалық құрылымдар өкілдерімен, сондай-ақ азаматтық қоғам мүшелерімен өткен ашық пікірталаспен аяқталды. Қала инфрақұрылымын жетілдіру, технологияларға қолжетімділікті арттыру және қоғамның түрлі секторлары — мемлекет, бизнес, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған нақты қадамдар талқыланды.

Панельдік сессия инклюзия тақырыбы қаланы дамытудың басты басымдығына айналып келе жатқанын көрсетті. Алматы — әрбір адам өзін осы қаланың ажырамас бір бөлігі ретінде сезінетін, мүмкіндігі мен ерекшелігіне қарамастан, баршаға ортақ кеңістік құру жолында нық қадамдар жасап келеді.