Өткен жылы елімізде қылмыстық істер көрсеткіші 7,6 %-ға төмендеген.
Қатарында қарақшылық, тонау, бұзақылық және алаяқтық деректері бар. Құқық қорғау саласындағы қызметті оңтайландыруға полицияның сервистік моделін қалыптастыру қағидаты негіз болып отыр. Жыл бұрын мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бастама бүгін өз нәтижесін беріп келеді.
Президент пәрменімен өткен жылы полиция қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделіне көшті. Бастама өңір-өңірлерде өз жалғасын тапты. Мұндағы негізгі мақсат – «жұртқа жақын тәртіп сақшысы» түсінігін қалыптастыру еді. «Қоғаммен сындарлы диалог құрудың сенімді құралдары саналған жоба полицейлер жұмысын да жеңілдетті» дейді Досжан Жұмабаев. Оның бұл салада қызмет етіп келе жатқанына 16 жылға жуықтапты. Жоғарыда айтқан жаңа тәсіл азаматтардың құзырлы орган өкілдеріне деген селкеусіз сенімін ұялататынын жеткізді.
«Сервистік полицияға көшудің ерекшелігі өте көп. Оны біз учаскелік полиция инспекторы ретінде күнде байқап жүрміз. Алдымызға талап қойылған соң мемлекеттік биліктің өкілі ретінде оны орындаймыз. Жалпы полиция қызметі қоғамдық бірлестіктермен, оның ішінде пәтер иелерінің кооперативі, денсаулық сақтау ұйымдары, мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз», – деді учаскелiк полиция инспекторы Досжан Жұмабаев.
Жаңа тәсіл негізінде кез-келген учаскелік полицей тұрғындардың әлеуметтік желідегі ортақ чатына қосылуға міндетті. Бұл олардың халықпен тығыз байланысын, уақытылы қолжетімділігіне мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Астанада 500-ге жуық учаскелік полицей бар. Әрқайсысы шамамен 2500 тұрғыны бар аумаққа жауапты.
«Халыққа жақын полиция» қағидатын қалыптастыру мақсатында жұртшылықпен жиі байланыс жасап, жергілікті полиция қызметкерлері пара алмау, этиканы сақтау және жанашыр болу үшін қосымша дәрістер өткізіп, кездесулер ұйымдастырылады. Азаматтарды қабылдау бөлмесі тұрақты түрде жұмыс істейді. Олар аптаның 5 күнінде кезексіз тұрғындарды қабылдайды. Президент тапсырған негізгі мақсат – ол қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, қолжетімді болу», – деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров.
Елімізде бүгінгі таңда жаңа салынған үйлердің жанына қосымша учаскелік бекет орнатылатын болды. Өткен жылдың өзінде 13 модульдік, 10-нан аса учаскелік бекет халық игілігіне берілді. Жыл сайын олардың саны артып отыр. Бұл полицейлердің халыққа неғұрлым жақын болуына мүмкіндік береді. Мұнымен қоса учаскелік полицейлердің құзіреті кеңейді, қағазбастылықтан арылу жағдайы да қарастырылған.
Дереккөз: Almaty.tv.