Жылына 80 мыңдай педагог біліктілігін арттырады.
Елімізде мұғалімдердің біліктілігін арттыруда жаңа тәсіл енгізілді.
Жаңашылдықты үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлаған болатын. Енді педагогтар 5 жылдың орнына 3 жылда біліктілік арттыру курсынан өтпек.
«Негізінен заң талабына келер болсақ педагог мәртебесі және білім беру заңына сәйкес педагогтар бізде 3 жылда бір рет біліктілікті арттыру курсынан өтуі міндетті. Үздіксіз білім беру немесе біліктілікті арттыру философиясына негіздейміз. Біздің курстар жүйелеу немесе жалпы көмек беру оларды сұрақтары болса түсініктеме беру тұрғысынан өте пайдалы», – деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының департамент директоры Ержан Тілеубергенов.
Көптеген оқу орындары осы курстардан өту сертификаттарын беруді талап етеді және оларсыз жұмысқа қабылдамайтын көрінеді.
«Біздің кустарға мектепте жұмыс істейтін педагогтар ғана қатыса алады. Себебі, білім басқармасынан келетін тізімде ол адам жұмыс істеуі қажет. Енді жұмысқа тұруы кезінде біліктілікті арттыру курсынан сертификаты қажет пе? Жоқ, БҒМ-нің 57-бұйрығында ондай талап көрсетілмеген. Бірақ басқа салаға кетіп, қайта білімімді жаңғыртқым келеді деген адамдар болса, ақылы курстарға өз қаражатынан оқыса болады. Оған тиым салынбаған», – деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының департамент директоры Ержан Тілеубергенов.
Ержан Тілеубергеновтың айтуынша, жыл сайын 80 мыңдай педагог біліктілігін арттырады.
«Жыл сайын орта шамамен 80 мыңдай педагог біліктілігін арттырады. Осы 80 000 ішіне мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдары және басқа буындар бар. Біз қазір 12 пәннен курс өтіп жатыр. Оны үздік оқытушылар даярлап жатыр. Енді бұл курстар мұғалімдерге қызықты әрі пайдалы болады деп сенеміз. Мұғалімдер өз пәніне пәндік әріптестерімен біліктілігін арттыруды өте пайдалы деп есептейді және оны растайтын халықаралық зерттеу бар», – деді Ержан Тілеубергенов.
Дереккөз: Almaty.tv.