Нұрым Нұрғалиев 120-ға жуық мүмкіндігі шектеулі бастауыш сынып оқушыларын білім нәрімен сусындатпақ.
Алматылық ұстаз баспанасынан ерекше балаларға арналған мектеп ашты. Қолданысқа жаңадан берілген инклюзивті білім ошағы Наурызбай ауданында орналасқан.
Өз баспанасын игі бастамаға берген 15 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Нұрым Нұрғалиев 120-ға жуық мүмкіндігі шектеулі бастауыш сынып оқушыларын білім нәрімен сусындатпақ. 500 шаршы метрлік жаңа мектепте ЛФК және арт-терапия кабинеттері, дыбыс жазу студиясы және бірнеше сабақ оқитын сынып, асхана бар.
«Мен – мүгедегтігі бар баланың әкесімін. 14 жыл бойы үлкен ұлымызды тәрбиелеп келеміз. Ерекше баланың ата-анасын түсінемін. 15 жылдан астам педагогикалық іс-тәжірибеме сүйене отырып, мектеп аштым. Ұлыма кезінде көмектесуге мүмкіндік болмады», – деді инклюзивті мектептің директоры Нұрым Нұрғалиев.
Бастапқы уақытта инклюзивті мектепте 15 педагог жұмыс істейді. Елімізде үздік ұстазы атанған еңбек өтілі мол, тәжірибелі 5 маман бар. Мұғалімдер қауымы да мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созу үшін келген. Мектеп директорының Болашақта бала саны өскен сайын педагогикалық ұжымды қажеттілікке қарай арттыру да ойда бар, - деді мектеп директоры.
«Мен өзімнің ұлыммен аулада еркін жүре алмайтындықтан, осы үй 100 мүгедек баланың үйі болсын деп шештім. Қолдаушылар бар, бірақ қаражат жағынан ешқандай демеуші жоқ. Әр балаға министрлік тарапынан бөлінетін қаражат ұстаздардың жалақасына жетеді деп үміттеніп отырмыз», – деді инклюзивті мектептің директоры Нұрым Нұрғалиев.
Ерекше қажеттілігі бар балалар мектепте тегін оқиды. Әзірге ешқандай диагнозға шектеу жоқ. Мұнда арнайы сыныпта оқитын оқушылармен бірге, үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балалардың да келуіне болады. Егер ата-ана үйге келіп оқытуды сұраса, оған да мүмкіндік бар. Дегенмен, мектепке келіп, күніне 4 мұғалімнен 4 сағат білім алған тиімді. Ал үйде бір мұғалімнен бала жалығады.
«Балам өзге балаларға ілесе алмай жатқандықтан, «осында апарып көріңіздер» деген ұсыныс болды. Келгеннен кейін ұнады. Балалармен жеке жұмыс жасайды, жылы, тиімді», – деді ата-ана Нұршат Бекен.
Ал мектеп директорының қала әкімдігі тарапынан «мүмкіндігі шектеулі балаларды таситын автобус бөлінсе екен» деген игі тілегі бар. Сондай-ақ ол тегін оқулық жетпейтінін, ыстық тағаммен қамту мәселесі де мазалайтынын жеткізді. Шағын кәсібі бар ұстаз болашақта қаланың басқа ауданынан филиал ашуды көздейді.
Жадыра Омаржан, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Дереккөз: Almaty.tv.