31.03.2022

Алматы әкімдігі крематорий құрылысына қанша қаражат бөлінгенін мәлім етті.

Ведомство өкілі атап өткендей, «крематорийдің құрылысы 2021 жылдың желтоқсанында аяқталды».

Мемлекеттен 1 527 670 000 теңге қаржы бөлінді (республикалық бюджеттен 1 212 866 000 теңге, жергілікті бюджеттен 314 806 000 теңге). Бүгінде сыртқы инженерлік желілерді, оның ішінде орнатылған пештерді пайдалану үшін газбен жабдықтау желісін тарту жұмыстары жүргізілуде.

Ведомствода атап өткендей, Патологоанатомиялық бюроның жанынан құрылған, Алатау ауданы, Ақын Сара көшесіндегі ЖЭС-2-нің шығысына қарай орланасқан крематорийді 2022 жылдың мамырында іске қосу жоспарланған.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше «Қазіргі уақытта крематорийдің жұмыс істеу тәртібі мен қайтыс болғандарды кремацияға қабылдау ережелері әзірленіп жатыр. Сыртқы инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары аяқталғаннан кейін нысанды Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты пайдаланушы ұйымға өткізу-қабылдау рәсімдері басталады».

2020 жылдың маусым айында Алматыда крематорий салу жоспарланғаны хабарланған болатын. Көп ұзамай жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары басталды.

Кейін Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев крематорий құрылысын аяқтау 2021 жылдың қыркүйек айына жоспарланғанын хабарлады.

 

 

 

Дереккөз: Zakon.kz