Жұмыстар басталар алдында нақты көшелер тізімі мен жұмыс уақыты алдын ала жарияланады.
Алматыда 2023 жылға арналған жол жөндеу жұмыстарының жоспары бекітілді. Орташа жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 200 км-ден аса екі жүзден астам көшеге жүргізілетін болады. Жөндеу жұмыстарына қала бюджетінен 20 млрд теңге бөлінді. Орташа жөндеу кезінде жолдың тозығы жеткен жоғарғы қабатын қалпына келтіру үшін кешенді жұмыстар жүргізіледі.
Жұмыстар құрылымдық сараптама нәтижесін алып, тиісті сатып алулар аяқталғаннан кейін сәуір айында басталады деп жоспарланған. Магистралдық көшелердегі орташа жөндеу жұмыстары 27 тамызға дейін, ал аудандық мәні бар көшелердегі жұмыстар 30 қазанға дейін жүргізілетін болады. Жұмыстар басталар алдында нақты көшелер тізімі мен жұмыс уақыты алдын ала жарияланады.
Жол ақауларын шұғыл тегістеуді көздейтін ағымдағы жөндеу аясында Алматыда жол бойындағы шұқырлар мен жарықтар тегістеліп, люктер көтеріліп, тағы басқа ағымдық жұмыстар жүргізіледі. Осы жұмыстарды іске апсыру үшін қала бюджетінен 2,8 млрд теңге бөлініп отыр. Жоспарға сәйкес 350 мың м2 астам жол ағымдағы жөндеуден өтеді, сондай-ақ 30 км тротуар мен 40 аялдама кешені жөнделеді. Жыл соңында қанағаттанарлық және орташа деңгейдегі жол үлесін 89%-ға жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, жол құрылысы жоспарына 6 шағын ауданда 30 км жаңа жол салу енгізілген. Жолдар инженерлік коммуникациялардың іске қосылуына қарай 2023-2024 жылдары қолданысқа берілетін болады.
Қала тұрғындары 1 наурыз күні басталған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тротуарларды салу және жөндеуге өтініш бере алады. Өтінімдер 30 наурызға дейін қабылданады.
Еске салсақ, Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде Алматы әкімі Ерболат Досаев «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2023 жылы қосымша 7 млрд теңге бөлінгендігін хабарлаған болатын. Бұл шешім бағдарламаның тиімділігін ескере отырып қабылданды. Қосымша қаражат қаланың 8 ауданы арасында бөлінетін болады.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша қажетті кеңесті Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінде, сондай-ақ Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауында 224 39 29 (вн. 203), 1308 номерлері арқылы алуға болады.
Дереккөз: Almaty.tv.