Алматыда 2040 жылға дейінгі Алматы қаласының Бас жоспарын қоғамдық талқылау жалғасуда

27.01.2023

Транзиттік бағытты дамыту – қаланың маңызды қала құрылысы қағидасының бірі болып табылады.

Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС 2040 жылға дейін Алматы қаласының жаңа Бас жоспарын қоғамдық талқылау жалғастырылып жатыр.

Екінші күні сарапшылар, қоғам өкілдері мен қаланың барлық ауданының әкімі көлік инфрақұрылымын, Алматы агломерациясын және инженерлік желілерді дамытуды, сонымен қатар, Алматыдағы ауаның ластану мәселесін шешу жолдарын талқыға салды.

Транзиттік бағытты дамыту – қаланың маңызды қала құрылысы қағидасының бірі болып табылады. Жаңа Бас жоспарда жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын одан әрі кеңейтуге, Алматының барлық ауданында тұрғындар үшін жаңа серуендеу аймақтарын құруға баса назар аударылған.

Бұған қоса, жаңадан жолақтар жасау арқылы негізгі қоғамдық көлік дәліздерін (BRT, LRT, метро) ұйымдастыру, сонымен бірге велосипед жолдары желісін, велосипед пен электрлі самокатты жалға беру жүйесін дамыту жоспарға енген.

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласын дамыту урбанизацияны жеделдетеді – болжам бойынша 2030 жылға қарай өңірде шамамен 4,5 миллион адам болады. Басты міндеттің бірі – орталық қала мен агломерацияны дамытуды үндестіру, біртұтас көліктік шеңберге байланыстыру, серіктес қалаларды және агломерацияның басқа елді мекендерін полицентрлік даму қағидасы бойынша дамытуды қамтамасыз ету, тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік инфрақұрылым құру және жаңа жоғары өнімді жұмыс орындарын ұйымдастыру. Бұл агломерация халқының өмір сүру сапасы мен жақсы тұруындағы айырмашылықты қысқартуға тиіс.

Экологиялық мәселе Бас жоспарды әзірлеушілердің ерекше назарында. Ауаға зиянды заттар шығарындыларын азайту үшін құрылыс жобасын жобалау кезінде желдену режимін ескеріп, ЖЭО-2 газға ауыстыру, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жеке тұрғын үйлерге газ тарту жоспарға енген. Жаңа 5 полиорталықтың бас жоспарларына техникалық шарттарды әзірлеу кезінде ауа ағыны қозғалысын ескеру қажет. Бұл үшін құрылыстың қаланың ауа бассейніне әсерін зерттеу кезінде математикалық модельдеуді қолдану, аэрацияны жақсарту үшін сәулет-қала құрылысы әдістерін әзірлеу ұсынылады.

Бас жоспарда жоғары сапалы инженерлік инфрақұрылым қарастырылған. Орталықтандырылған инженерлік желі жоқ бос аумақтарда жыл сайын 280 шақырым су құбыры желісін тарту және қаладағы қолданыстағы 104 шақырымды жаңарту жоспарланып отыр. Бұл 2025 жылдың соңына қарай алматылықтардың орталық сумен қамту деңгейін 100 пайызға дейін арттырады.

Сумен жабдықтау жүйесін дамытумен қатар жаңа су бұру жүйелерін салуды және қазіргі қолданыстағыларын қайта жөндеуді жеделдету жоспарланып отыр.

Қоғамдық талқылаудың екінші күнінде сарапшылар мен қоғам өкілдері тарапынан бірқатар ұсыныс пен ескерту айтылды. 27 қаңтарда қаланың барлық сегіз ауданының тұрғындарымен Бас жоспарды талқылау көзделген. Құжат таныстырылған соң қала тұрғындары Алматы полиорталықтарының бас жоспарын әзірлеу бойынша міндеттерді белгілеуге негіз болатын ұсыныс пен ескерту айтуға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, 25 қаңтар күні Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын қоғамдық талқылауды бастады. Қазіргі бас жоспар 2002 жылы бекітіліп, қаланың өсіп келе жатқан қажеттіліктері ескерілмеген. Бас жоспарға енгізілген түзетулер оны жан-жақты жетілдіре алмады: құжатта өзгерістер ескерілмеді, өзектілігін жоғалтты және түбегейлі қайта қарауды қажет етті. Сондықтан былтыр Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қаланың 2040 жылға дейінгі дамуын ескеріліп, жаңа бас жоспарды жасау қолға алынды.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.