Алматыда қаланы балалардың мүдделерін ескере отырып дамыту ұсынылды

26.02.2019

DSC06639

Алматыда «Алматы - балаларға арналған қала» тақырыбында «БізАлматы» жобасының VIII форумы өтті. Мұнда балалардың мүдделерін ескере отырып, қаланы дамыту мәселелері талқыланды.

Форумға Алматы қаласы әкімдігінің, Алматы қаласын дамыту орталығының, БҰҰ Қазақстандағы балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері, қалалық кеңістікті зерттеушілер мен қоғам қайраткерлері жиналды. Басты ұйымдастырушы – Британдық кеңес.

DSC06677

Қазақстандық зерттеушілердің талдауына сәйкес, жасөспірімдердің 58%-і Алматыдағы ойын алаңдары тек 5 жасқа дейінгі балалар үшін қызықты деп санайды. Үлкенірек балалар сауда ойын-сауық орталықтары мен компьютерлік залдарда уақыт өткізуге мәжбүр.

«Біз балаларға арналған ойын орындары туралы ойлаған кезде, көбіне сырғанайтын төбешіктер мен әткеншектері бар балалар алаңдарын елестетеміз. 5 жастағы балаға қызықты нәрсе, үлкенірек балаға мүлдем қызықты болмауы мүмкін. Біз қала әкімшілігімен бірлесе отырып, балаларға қызықты, жайлы және қауіпсіз ортаны қалай құруға болатынын түсінуіміз қажет», – деді Британдық кеңестегі білім беру жобаларының менеджері Данияр Мұқатанов.

Спикерлер қалада 11-17 жастағы балалар бас қоса алатын кеңістіктер көбірек болуы керек деп санайды.

«Жасөспірімдерге тек әткеншек қана емес, бірлесіп уақыт өткізетін қоғамдық кеңістіктер қажет. Олар үстел үсті және дамытатын ойындар ойнап, спортпен шұғылдана алатындай болуы тиіс. Тегін, қолжетімді және тұрғылықты жері бойынша мұндай орын оларда жоқ», – деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы «Балалардың өмірге төзімділігі» бағдарламасының үйлестірушісі Анна Стативкина.  

Сондай-ақ спикерлер ата-аналар бірінші кезекте көлік және жол қозғалысынан қауіптенетінін атап өтті.

«Ата-аналар балаларын қалада өз бетінше жүруге жіберуден қорқады. Балалар үйірмелерге немесе спорт секцияларына барғысы келеді. Бірақ мұнда таңдау тұр: алысқа қауіпті көлікпен бару немесе үйде қалып, ештеңе жасамау. Өйткені аудандардың көбінде үйірмелер жоқ. Жаяу бару да оларға қауіпті», – деді ол.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитныйдың пікірінше, бұл мәселелерді шешуге тек жұртшылықты ғана емес, жергілікті атқарушы органдарды да, тіпті балалардың өздерін де қосу керек.

DSC06752

Алматының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджановтың айтуынша, қалалық кеңістікті қалыптастыру кезінде барлық санаттағы азаматтардың мүдделері ескеріледі.

«Соңғы 3-4 жылда Алматы тұрғындары үшін қолайлы орта құру кезінде жасөспірімдерге арналған қалалық кеңістік жасалуда, аулаларды қайта жаңғырту және балаларға арналған жаңа ойын алаңдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Біз балаға қызықты болатын жаңа заманауи технологияларды қолданамыз. Жалпы, жобаларды жоспарлау кезінде біз әртүрлі жастағы балалардың мүдделерін ескереміз», – деді Алмасхан Ахмеджанов.  

DSC06775

Форумда сондай-ақ қалалық кеңістікті жобалауда көп жылдық тәжірибесі бар Ұлыбритания сарапшысы Сэм Уильямс сөз сөйледі. Данияның Биллунд қаласында ол 46 миллион LEGO текшесінен үлкен балалар қалашығын салды.

«Бұл орталықты біз «Балалар астанасы» деп атадық. Мұнда балалар ойын арқылы бәрін үйренеді. Біз инновациялармен және оқытумен байланысты бірнеше бағдарлама жасадық. Біреу ойынды маңызды емес деп санайды, бірақ ойын балалардың тұлғалық және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырады. Олар қауіп-қатерлерді, тәуекелдерді және жауапкершілікті қабылдауға үйренеді. Олар шығармашылық және креативті болады, бұл өмірде маңызды», – деп қорытындылады британдық сарапшы.  

 

Талқылаудан кейін форумның барлық қатысушылары Алматыда балаларға арналған қалалық кеңістікті жақсарту бойынша ұсыныстар дайындап, қала әкімшілігіне жіберетін болды.  

Ақпарат көзі: «Қазақпарат» ХАА